Ұлытау облысы әкімдігі мен Ұлытау облыстық прокуратурасының бірлескен өкімі аясында жуырда Қаражал қалалық мәдениет үйінде «Заң керуені» акциясы өтті.
Көшпелі топ құрамында Ұлытау облысы прокурорының орынбасары Әсет Жүкенов, Ұлытау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Жандос Сыздықов, Ұлытау облысы полиция департаменті басшысының орынбасары Сафуан Жанпейісов және әр саладағы басқармалар мен департаменттердің өкілдері келді.
Акцияға сондай-ақ, қала әкімі Тілектес Досаев және қала әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының басшылары, мекеме басшылары да қатысты.
Облыстық және қалалық деңгейдегі жауапты мамандар мен қызметкерлер аймақ тұрғындарына құқықтық кеңес беріп, жеке сауалдарына жауап берді. Акцияның негізгі мақсаты – жергілікті жерде халыққа жедел құқықтық көмек көрсету, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, заңдарды түсіндіру, заңды құқықтарын іске асыруға мүмкіндігі жоқ әлеуметтік топтарды анықтау, елдегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайту үшін азаматтық қоғам мен құқық қорғау органдарының және жергілікті атқарушы органдардың күш-жігерін біріктіру болды.
Әрине, мұндай ауқымды жоба қала халқының назарынан тыс қалған жоқ. Көптен көкейде жүрген мәселесін заң алдында топшылап, әділдікке қол жеткіземіз деп келген халықтың қарасы аз болған жоқ. 70-тен астам тұрғын әр сала бойынша жеке сұрақтармен жауапты мамандарға жолығып, өздерін толғандырған тақырыптың түйінін тарқата алды.