Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің өткен жылғы Жолдауында шет елдерден келген көліктерді біржолғы заңдастыру шарасын өткізу жайлы тапсырма бергені мәлім. Бұл тапсырма бүгінде қалай жүзеге асырылып жатыр? Елдің үміті ақтала ма? Біз осы және заңдастыруға қатысты өзге де сауалдарды Ұлытау облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Аманжол Кәрімовке қойған едік.
– Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің өткен жылғы Жолдауында шет елдерден көліктерді біржолғы рәсімдеуден өткізу туралы арнайы тапсырма берген болатын. Соған орай елімізде үлкен жұмыстар қолға алынды. Ең әуелі мүмкіндігінше көліктердің саны анықталды. Көлік құралдары әкелінген елдердегі әріптестерімізбен көліктердің санаттарын анықтау жайлы келісім жасалды. Яғни, көлік ұрланбаған ба, заңды түрде тіркелген, болмаса тіркеуден шығарылған ба соны анықтап беретін болды. Осындай дайындық жұмыстарының өзі біраз уақыт алды. Ақыры Ішкі істер министрлігінің қаулысы шықты. Онда шет елдерден әкелінген көліктерді біржолғы заңдастыру жұмыстары 23 қаңтарда басталсын делінген. Тәртіп бойынша қаулы он күн ішінде күшіне енуі керек. Ал, аталмыш құжатқа 10 қаңтарда қол қойылды, – дейді Аманжол Бақытжанұлы бізбен әңгімесінде. Төменде біз әкімшілік полиция басқармасының бастығымен болған сұхбатты қысқа-нұсқа беріп отырмыз.
– Ұлытау облысы бойынша шет елден келген қанша көлік жүр?
– Бұл өте күрделі сұрақ. Өйткені, оны қазір дәл басып айту қиын. Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, бүгінде ел аумағында заңдастыру тізіміне іліккен 300 мыңнан астам автокөлік жүр. Ал біздің облыста мұндай көліктердің саны қазіргі есеп бойынша 3 мыңдай деп отырмыз.
– Қандай көліктер заңдастыруға жатпайды?
— Іздеуде жүрген (қылмыстық көлік) немесе толық кедендік тазартудан өтпеген, сондай-ақ, 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген автокөліктер.
– Оң рульді көліктерді тіркеуге қоя ала ма?
– Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы заңдастырудың екі критерийін белгілеген болатын. Біріншісі – автокөлік іздестіруде болмауы керек. Екіншісі – кедендік тазалаудан өтуі керек. Егер аталған автокөліктер осы талаптарға сәйкес келсе, әрине оларды тіркеуге еш кедергі жоқ.
– Автокөліктердің шығарылған жылы мен экологиялық класы бойынша заңдастыруға шектеулер бола ма?
– Заңдастыруға жататын автокөліктердің жылына және экологиялық класына талаптар қойылмайды.
– Қазақстанда «сары» нөмірлерді бере отырып, уақытша тіркелген «армян» автокөліктеріне заңдастыру қолданыла ма?
– Біздің елде уақытша тіркелген «армян» автокөліктері де заңдастыруға жатады. Оларды кедендік декларациялау талап етілмейді, себебі 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап олар Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары болып танылады.
– Заңдастыру үшін қанша төлеу керек?
– Негізгі төлем – бастапқы тіркеу үшін алым, ол 200 мың теңгені құрайды. Қалғаны техпаспорт пен мемлекеттік нөмір үшін алынатын төлемдер, олар үшін тағы 13 171 теңге төлеу қажет (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік нөмір мен техникалық паспорт үшін төлем сомасы шамалы өзгереді, өйткені баждар АЕК-ке байланысты есептеледі).
– Көліктерді заңдастыру ісі Ұлытау облысы бойынша қай жерде жүргізіледі деп отырсыздар?
– Жезқазған қаласындағы бұрынғы халыққа қызмет көрсету орталығынан арнайы орын жабдықталды. Оған полиция бөлімінен арнайы мамандар тартылды. Оргтехникалар бөлінді. 23 қаңтар күні біз халықты сол жерде күтеміз.
Негізі, заңдастыруға өтінішті «Электронды үкімет» порталы немесе арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарына жеке жүгіну арқылы беруге болады. Өтініш пен құжаттарды тапсырғаннан кейін көлік құралы арнайы ХҚКО жанындағы тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсынылады.
– Көлік иелері қандай құжаттар ұсынуы керек?
– Көлік сатып алғанда қолдарында қандай құжаттар болды, соның бәрін әкеледі. Мамандар солардың бәрін арнайы орындар арқылы тексеріп, саралайды, сараптайды. Салыстыруды ішкі істер органдарының сарапшы-криминалисі жүргізеді. Екі күнге дейінгі мерзімде салыстырып тексеруден өткеннен кейін көлік құралы заңдастыруға жататыны немесе жатпайтыны анықталады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.