Қызылша ауруы туралы не білу керек?

Қызылша – адамнан адамға ауа арқылы таралатын және жиі асқынуларға әкелетін жұқпалы ауру. Ол бөртпе, жоғарғы тыныс жолдарының қабынуы, жөтел, жоғары температура және әлсіздік ретінде көрінеді. Қызылшаның жұқпалылығы шамамен 100% құрайды, яғни, иммунитеті жоқ адам вируспен байланыста болса, міндетті түрде ауырады.

Қызылша қалай жұғады?

Көбінесе қызылша ауа тамшылары арқылы таралады. Сөйлескенде, жөтелгенде немесе түшкіргенде ауру адам сілекей тамшыларымен вирустарды шығарады – олар ауада 2 сағатқа дейін сақталады.
Қызылша вирусы денеге байланыс арқылы да түсуі мүмкін, мысалы, сау адам вирус орналасқан заттарды қолымен ұстаса, мұрнын, ауызын немесе көзін уқаласа міндетті түрде жұғады.
Ауру жұқтырған адам алғашқы белгілер пайда болғанға дейін – ол басқаларға қауіпті деп күдіктенгенге дейін инфекция көзі болады. Сондықтан ауру адам қоғамдық орындарға емін-еркін барады, ал қызылшаға қарсы иммунитеті жоқ әрбір адам вирустың нысанасына айналады.

Типтік қызылша:белгілері және даму кезеңдері

Инкубациялық кезең – бұл вирус ағзаға енген сәттен бастап алғашқы белгілер пайда болғанға дейінгі уақыт. Қызылша үшін бұл кезең 9-17 күнді құрайды.
Бастапқы кезең (катаральды, продромальды) – бұл негізінен жалпы симптомдар пайда болатын және қызылшаны басқа жедел респираторлық вирустық инфекциялардан (ЖРВИ) айыру қиын болатын уақыт. Ол әдетте 3-4 күнге созылады.
Қызылшаның катаральды кезеңінің жалпы белгілері:
– температура 38–39 °C;
– мұрыннан су ағу;
– дөрекі құрғақ жөтел;
– жүрек айнуы;
– көздің шырышты қабығының қызаруы – конъюнктивит;
– интоксикация – әлсіздік, қалтырау, бас ауруы, тәбеттің төмендеуі.
Қызылшаның бастапқы кезеңінде жалпы белгілерден басқа, ерекше белгілер пайда болады. Медициналық көмекке ертерек жүгінген кезде олар дәрігерге дұрыс диагнозды тез қоюға көмектеседі.
Қызылшаның асқынулары
5 жасқа дейінгі балалар мен 20 жастан асқан ересектерде вирустардың бүкіл денеге таралуы немесе бактериялық инфекцияның қосылуы салдарынан туындауы мүмкін асқынулардың даму қаупі жоғары.
Қызылшаның жиі кездесетін асқынулары:
– лобальды ларингит – кеңірдектің қабынуы және ісінуі, оның саңылауының тарылуы;
– бронхит – бронхтың шырышты қабығының қабынуы;
– пневмония – өкпенің қабынуы;
– отит – құлақтың қабынуы;
– стоматит – ауыз қуысының шырышты қабығының қабынуы;
– энтероколит – аш және тоқ ішектің қабынуы;
– менингит – ми қабығының қабынуы;
– энцефалит – ми затының қабынуы;
– жедел диссеминирленген энцефаломиелит – ми мен жұлынның аутоиммунды ауруы.
Бұл асқынулардың барлығына ортақ нәрсе, олар аурудың шыңында, немесе аурудан әлсіреген ағзаға қайталама инфекция шабуыл жасағанда немесе аутоиммундық асқынулар пайда болғаннан кейін сауыққаннан кейінгі келесі күндерде немесе апталарда дамиды.

Қызылшаны емдеу

Қызылшаның арнайы емі жоқ. Дәрігер симптомдарға, аурудың ауырлығына және ықтимал асқынуларға байланысты симптоматикалық терапияны тағайындайды.

Қызылшаның алдын алу
Қызылшаның алдын алудағы ең бастысы – аса жұқпалы дерттің таралуына және індеттің өршуіне жол бермеу. Ол үшін ерте диагностика қолданылады және науқастар бөртпе пайда болғаннан бастап 5-ші күнге дейін оқшауланады.
Қызылшадан қорғанудың жалғыз тиімді жеке жолы – вакцинация. Бірінші вакцинация балаларға 12 айда, екіншісі 6 жаста жасалады. Зерттеулерге сәйкес, бірінші вакцина енгізілгеннен кейін иммунитет 69-81% жағдайда, екіншісінен кейін – 95% қалыптасады және ең көбі 18 жылға созылады.
Вакцинациядан кейін 10 жылдан кейін вакцинацияланған адамдардың тек үштен бірінде ғана қанында қорғаныш антиденелер бар.

Зейнеп-Бақыт БАЙДИЛЬДИНА,
Қаражал қаласының санитариялық-
эпидемиологиялық
бақылау басқармасының
бас маманы.