Сәуір айының соңынан бастау алған «Қызғалдақ көктем–2025» фестивалі қала тұрғындары мен өнерсүйер қауымға ерекше әсер сыйлап, көктеммен бірге көңілге нұр, жүрекке жылулық ұялатты. Басты мақсаты – шығармашыл ұжымдардың өнерін паш етіп, жас таланттарға қолдау көрсету болған бұл фестиваль төрт кезең бойынша ұйымдастырылып, нағыз өнер мерекесіне айналды.
Фестиваль барысында әр кезең өзіндік ерекшелігімен есте қалды. Ұжымдар ұлттық құндылықты ұлықтап, заманауи леппен үйлестірілген қойылымдар мен ән-бимен өрілген сахналық көріністер арқылы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әр кезең сайын өнердің сан қыры көрсетіліп, шығармашылық шабыттың шекарасы кеңейіп отырды.
Фестивальдің гала-концерті – көркемдік пен кәсібиліктің, рух пен руханияттың тоғысқан шарықтау шегі десек, артық емес. Жарық сахнада жарқыраған өнерпаздар мен көркем қойылымдар бір-бірінен өтетін деңгейде болды. Әрбір өнер ұжымы көктемгі жаңару мен жандану тақырыбын терең сезіммен жеткізіп, көрерменге эстетикалық ләззат сыйлағаны сөзсіз.
Фестиваль шымылдығын ашып, ерекше өнерімен көзге түсіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген талантты ұжымдардың, яғни барлық 4 кезеңде тамаша өнер көрсеткен қатысушылардың ең үздік өнерлерін дәл осы гала-концертте тамашаладық.
Концерт соңында көп күткен сәт, яғни, марапаттау рәсіміне кезек келіп жетті. Ең алдымен 2 және 3 орынды иеленген ұжымдарға марапатты табыстау үшін «Юнеско» Балалар өнер мектебінің директоры Ұлан Дүкенбаев сахна төріне шақырылды.
«Балбөбек» бөбекжайы ұжымы 3 орын иегері атанып, 100 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Ал, №1 жалпы білім беретін мектеп ұжымы 2 орынға ие болып, 150 мың теңгелік сертификат табысталды.
Келесі кезекте, 1 орынды Қаражал қалалық мәслихатының аппараты, Қаражал қаласының әкімдігі мен қалалық кітапхана ұжымы мен қалалық кәсіпкерлер палатасының ұжымы қанжығаға байлады. Шалғы кентінің әкімі Азамат Кәдірсізов осы екі команданы марапаттап, 200 мың теңгелік сертификаттарды табыстады.
Ең әсерлі сәт – Бас жүлдені табыстау қала әкімі Айқын Елеусізовке бұйырыпты. Сонымен, Бас жүлдені «Өркен Атасу» ЖШС ұжымы қанжығасына байлады. Өңір басшысы жеңімпаздарды сахна төріне шақырып, диплом мен 250 мың теңгелік сертификатты тапсырды.
Расымен, бұл байқауда қатысушылардың еңбегі зор. Мекеме мен кәсіпорын қызметкерлері нағыз әртістерден асып түспесе, кем болмады. Нағыз талант екендерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Алтын уақыттарын бөліп, бір ай бойы еңбек еткен қатысушыларға, ұйымдастырушыларға және қазылар алқасына алғысымыз шексіз.
Көрермендерге ұмытылмас әсер қалдырған бұл шара тамаша көңіл-күймен, ұзақ шапалақтармен, толассыз алғыстармен аяқталды. Гала-концерт – тек өнер көрсетілімі ғана емес, бірлік пен ынтымақты, мәдениеттің биік деңгейін көрсеткен мазмұнды кеш болды.
«Қызғалдақ көктем-2025» фестивалі өзінің биік деңгейімен, мазмұнды қойылымдарымен, жүрекке жеткен өнерімен ел есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Бұл – көктемнің сәні мен әні тоғысқан, өнердің мерекесіне айналған шынайы фестиваль болды.