Қыстың көзі қырауда халықтың қауіпсіздігі үшін жасалатын жұмыстардың бірі жолдарды күтіп ұстау және жүргізушілерге қолайлы жағдай жасау. Қаражал-Жәйрем өңірінде бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынған.
Қар түсіп, күннің райы салқындаған сайын өңірдің коммуналдық қызметі де өз жұмыстарын ширата түскен. Әсіресе, қысқы жолдарды күтіп ұстау мен уақытылы тазалап, жүргізушілер мен жолаушыларға жағдай жасауды жіті қолға алыпты. Бұл жайлы бізге қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автокөлік жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Саутбаев егжей-тегжейлі айтып берді.
– Ауа-райы нашарлаған кезде барлық қауіпті учаскелер тәулік бойы бақыланады. Қарашадан бастап барлық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Барлық жол қызметтерінің, мемлекеттік мекемелердің, Төтенше жағдайлар құралдары күштерінің жедел өзара іс-қимылы үшін жоспар әзірленді, – дейді Н.Саутбаев
Бөлім басшысының айтуынша бұл шараға қатысытрылатын техникалар да сақадай-сай тұр:
– Қыстың күндері өңір жолдарын күтіп ұстау үшін «ZANGAR-2205» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім-шарт жасалды. Олар Қаражал-Жәйрем өңіріндегі 76 шақырым жолды қыста күтіп ұстайтын болады. Қазір серіктестік осы өздеріне тиесілі жолдар мен аяқжолдарды тазалау жұмыстарымен айналысуда. Бұған 16 арнайы техникалар жұмылдырылған. Екі «К700» алып тракторы, бір автогрейдер, 4 самосвал, 4 тиегіш техника, 3 «МТЗ» тракторы, бір құм шашатын техника тоқтаусыз жұмыс істеуде.
Өңірде қыста жолаушылардың қауіпсіздігі мен жолды күтіп ұстау және жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау бағытында өзге де қажетті жағдайлар жасалынған. Техникалар үшін 2 тонна дизель отыны, 2 тонна бензин дайындалып қойылған. Қыста жолдарды қар басып қалмауы үшін күздің күні жол жиектеріндегі шөптер қырылып, тазаланған.