Құқықтық мәдениет – қауіпсіз қоғамның тірегі

«Заң мен тәртіп» республикалық акциясы аясында еліміздің барлық өңірлерінде құқықтық мәдениетті арттыруға, заң үстемдігін нығайтуға бағытталған ауқымды іс-шаралар жүйелі түрде өткізілуде. Бұл бастама Қаражал қаласына қарасты Шалғы кентінде де өз жалғасын тауып, тұрғындармен мазмұнды әрі маңызы зор кездесу өтті.

20 қаңтар күні Қаражал қалалық прокуратурасының бастамасымен ұйымдастырылған кездесуге Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов, қала прокуроры Дархан Бөлекбаев, қалалық полиция бөлімінің басшысы Алмаз Жақаев және Шалғы кентінің әкімі Азамат Кәдірсізов қатысты.

Жиынға кент тұрғындары кеңінен тартылып, ашық форматта пікір алмасты. Кездесу барысында қатысушылар қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын сақтау және азаматтардың құқықтық санасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайту құқықбұзушылықтардың алдын алудағы басты факторлардың бірі екені атап өтілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, сондай-ақ соңғы уақытта өзекті мәселеге айналған интернет-алаяқтықтан тұрғындарды сақтандыру болды.

Қала әкімі Айқын Қылышұлы бастаған сала басшылары халық арасында құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заң талаптарын сақтаудың маңыздылығына тоқталды.

Кездесу барысында қалалық полиция бөлімінің басшысы Алмаз Жақаев 2025 жылы өңір бойынша интернет-алаяқтардың арбауына 24 азамат түскенін атап өтті. Ол тұрғындарға интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері мен одан сақтану жолдарын жан-жақты түсіндіріп, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сақ болуға шақырды.

Сонымен қатар жиында заңсыз қару сақтау, рұқсатсыз аңшылық жасау, әсіресе киікті атуға байланысты қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны кеңінен айтылды. Полиция басшысы заңсыз қаруды ерікті түрде тапсыру тәртібін де түсіндіріп, бұл қадамның заң алдындағы жауапкершіліктен босататынын ескертті.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды. Жиын соңында сала басшылары мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Кент тұрғындары өз кезегінде көтерілген мәселелердің өзектілігін атап өтіп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

Аталған іс-шара қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарын нығайтуға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және қауіпсіз әлеуметтік орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды. «Заң мен тәртіп» акциясы аясындағы мұндай кездесулер халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді одан әрі күшейтетіні сөзсіз.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ