Қаражалда ұлттық бастамалар жолға қойылды

Сыр бойынан бастау алған елдік ойлар мен кемел келешекке бағытталған бастамалар V Ұлттық құрылтайда кең өріс алды. Ұлт тағдыры таразыға түскен, жұрттың үміті мен сенімі тоғысқан бұл алқалы жиын мемлекет дамуының жаңа белестерін айқындады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайды қоғамның сан қырлы үнін бір арнаға тоғыстыратын, тағылымы терең диалог алаңы ретінде атап өтті.

Құрылтай мінберінде әлеуметтік әділеттілік, заң үстемдігі, қоғамдық тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздік мәселелері айрықша мәнге ие болды. Сонымен қатар, жас ұрпақтың тәрбиесі, білім мен мәдениеттің дамуы, ұлттық құндылықтарды ұлықтау мәселелері басты басымдықтар қатарында көрініс тапты. Аймақтардың әлеуетін арттыру мен жергілікті басқару жүйесін жетілдіру де құрылтай аясында көтерілген маңызды бағыттардың бірі болды.

Осыған орай, қала әкімдігінде V Ұлттық құрылтайда белгіленген басым бағыттарды талқылауға арналған актив жиыны ұйымдастырылды. Жиынға қала әкімі Айқын Елеусізов, қала прокуроры Дархан Бөлекбаев, қалалық полиция бөлімінің басшысы Алмаз Жақаев, қалалық мәслихат аппаратының басшысы Жанат Сатанов, ақсақалдар кеңесі, қоғамдық кеңес мүшелері және қоғам белсенділері қатысты. Кездесу барысында Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді жергілікті деңгейде жүзеге асыру жолдары кеңінен сөз болды.

Талқылау барысында қатысушылар Құрылтайда көтерілген әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Атап айтқанда, қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру жөнінде нақты пікірлер айтылды. Сонымен бірге, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, заң талаптарының орындалуын күшейту мәселелері кеңінен талқыланып, бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстардың маңыздылығы атап өтілді.

Жиында жастар саясатына да ерекше назар аударылды. Жастардың тәрбиесі, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, патриоттық рухты қалыптастыру және жат ағымдардың алдын алу мәселелері бойынша ұсыныстар ортаға салынды. Ақсақалдар кеңесінің өкілдері ұлттық құндылықтарды сақтау, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, рухани-адамгершілік тәрбиені күшейту жөнінде тағылымды ойларын білдірді.

Жиын соңында V Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалар мен ұсыныстарды нақты іс-шаралар арқылы кезең-кезеңімен жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді. Бұл ретте мемлекеттік органдар, құқық қорғау құрылымдары және азаматтық қоғам өкілдері арасында тығыз өзара іс-қимыл орнатып, бірлескен жұмысты жүйелі түрде жалғастыру қажеттігіне ерекше мән берілді. Сонымен қатар, қоғаммен ашық диалогты нығайту, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, қабылданатын шешімдердің тиімділігін арттыру басты міндеттердің бірі екені айтылды.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ