Волонтерлар көмекке асығады

Жәйрем кен байыту комбинатының бір топ қызметкерлері Ұлытау облысының Төтенже жағдайлар департаменті ұйымдастырған өңірдің волонтерларына арналған семинарға қатысты.

Ведомство басшысы Есен Байыров төтенше жағдайлардың әрқашан күтпеген жерден болатынын, оларды алдын ала болжауға және жоспарлауға болмайтынын атап өтті. Қауіп-қатерге толы сын сәттерде дұрыс әрекет ету – бұған, әрине, мақсатты түрде оқып-үйреніп, практикалық дағдыларды жетілдіру керек.
Жезқазғанға оқуға келген Жәйрем КБК өкілдері тәлімгерлер, техникалық инспекторлар болып табылады. Олар үшін адамдарға көмектесу міндеттен гөрі – азаматтық борыш. Бірнеше жылдан бері Жәйрем КБК кәсіподақ комитеті жанынан құрылған «Өндіріс волонтерлары» тобы жұмыс істейді. Белсенділер әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыларға азық-түлік пен қажетті заттар сатып алады, ауыр науқастарды емдеуге көмектеседі, қоқыс жинау және ағаш отырғызу бойынша «жасыл» акциялар өткізеді, балаларды мектепке жинайды және т.б. жақсы істердің жаршысы болып жүр.
Солардың бірі – кенттің байырғы тұрғыны Есенжол Оразбаев, «Жәйрем КБК» АҚ ПБФ қойылту және сүзгілеу қондырғыларының машинисі, ауысым шеберінің м.а. – жігері жанып тұрған және позитивті көңіл-күйде жүретін адам. Ол қандай жағдай болмасын көмекке дайын тұратын волонтерлардың алғашқы легінде.
– Егер адам мұздың астына түсіп кетсе, оны қалай құтқару жайлы ақпаратты өте қажет деп санаймын, – дейді Есенжол Оразбаев. – Жақында күн жылынып, су қоймаларындағы мұз еріп, жұқарады. Жарылып кетіп, абайсызда біреудің мұз астына түсу қаупі бар. Егер де адамды судан жағаға шығару керек болса, бұл жерде үрейленбей, дұрыс тыныс алып және өзің мұз астына кетіп қалмау үшін денеге жүктемені дұрыс тарату маңызды. Мамандар бізге адам есінен танып қалғанда, үсіп қалған жағдайда қандай алғашқы көмек көрсету керектігін түсіндіріп, көрсетіп берді. Біз комбинатта жұмыс істейміз және, әрине, төтенше жағдайларда қалай әрекет ету керектігі туралы бастапқы дайындықтан өтеміз. Енді біз одан да көп білім алдық, егер қажет болса, сенімді түрде қолдана аламыз.
Ербол Боликулов келешегі зор үлкен кәсіпорында жұмыс істеуді армандады. Кентке ата-анасымен бірге 2005 жылы қоныс аударған еді. Жәйрем бірден ұнады.
– Мұнда қойнауы қазынаға толы ырысты жер, шексіз кең дала, ал ең бастысы – жаны жайсаң, тамаша адамдар тұрады, – деп бөлісті Жәйрем КБК электригі Ербол Боликулов. – Көптен бері волонтерлар тобындамын. Адамдарға көмектесе алғаным үшін бақыттымын. Оқыту ұнады! Алған біліміміз өмірде қажет болуы мүмкін. Егер дайын болсаң, өрт кезінде ғана емес, біреудің өмірін құтқарып қалуыңа болады. Төтенше жағдайлар күштері жетіспей қалатын түрлі жағдайлар болуы мүмкін – жер сілкінісі, су тасқыны, қар көшкіні. Дұрыс әрекет ету маңызды, өйткені бұл өте үлкен жауапкершілік. Әрине, жамандықтың бетін аулақ қылсын, ешкімді құтқарудың қажеті болмасын. Бірақ көмек керек болса – қолыңнан келгеннің барлығын жасауға міндеттісің. Бұл мен үшін өте маңызды.
Дәурен Нуралинов Жәйрем КБК-да еңбек еткеніне бір жыл ғана болды, ол ПБФ сүзгілеушісі. Жәйремнің тумасы, бірақ 2004 жылдан бастап Павлодарда тұрып, жұмыс істеді. Кентке оралғаннан кейін ол бірден волонтерлар тобына қосылды. Көп ұзамай техникалық инспектор болып тағайындалды.
– Мен Павлодарда да волонтер болдым, – дейді Дәурен. – Адамдарды іздеумен айналыстық, мұқтаж жандарға азық-түлік, керекті заттар апардық. Сондықтан Жәйремде де осындай топ бар екеніне қуандым. Біреуге қол ұшын беріп, көмектесу, жақсылық жасау – бақыт сыйлайды. Кез келген жағдайға дайын болып, абыржымай және дер кезінде дұрыс әрекет етуге дайын болуымыз керек деп санаймын. Құтқарушыларға семинар үшін және облыс орталығына барып-келу жолымызға көлік бөлген комбинат басшылығына үлкен алғысымды білдіремін.
ТЖД қызметкерлері Жәйрем КБК волонтерларының практикалық сабақтарға белсенді қатысқанын атап өтті, 2020 жылы «Казцинк» сыйға тартқан бірыңғай киімдеріне назар аударды.
Жәйрем КБК қызметкерлеріне төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету ережелерін оқытудан өткені туралы сертификаттар берілді. Келесі жылы тағы бір мастер-класс өткізіледі.

Алена ЕРМОЛАЕВА.

Фотоларды Г.Наурызбаева ұсынды.