Қала әкімінің орынбасары Досбол ҚҰЛЫМБЕТОВ еріктілер қозғалысының бас өкілі Кристина СТАТКЕВИЧ-ДОЛГОРУКОВАНЫ қабылдап, ортақ мүдделі тақырыптар бойынша пікір алмасты.
Терең түсіністік жағдайында өткен кездесу барысында еріктілерді қолдау жөніндегі өңірлік орталықтармен жүйелі жұмыс істеу, өзара тиімді іс-қимылдардың өрісін кеңейту және азаматтық бастамаларға қолдау көрсету секілді маңызды мәселелер талқыланды. Соның ішінде, қандай да бір себеппен із-түзсіз жоғалып кеткен адамдарды іздестіруге қолұшын созу, қажетті бағдарларды жария ету, тұрғындардың суға түскенде және тілсіз жау – өрт қатері төнген жағдайда өзін-өзі ұстау ережелерімен таныстыру жайы, сондай-ақ, осытектес өзге де маңызды мәселелер тілге тиек етілді.
Кездесу түйінінде тараптар екіжақты тиімді ұйғарымдар жасап, тізе қоса қимылдау жөнінде бәтуаласты.
Осы орайда, аталған кездесуге қалалық білім бөлімі мен қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің өкілдері, сондай-ақ, қалалық өрт сөндіру бөлімінің бастығы қатысқанын айта кеткен жөн.
Өз тілшімізден.