2023 жылдың желтоқсан айынан бастап Ұлытау облысындағы фермерлік шаруашылықтар үшін тиімді шарттарда жеңілдетілген кредиттер алуға өтінімдерді қабылдау басталды. Аталған несие келер жылдың қаңтарынан беріле бастайды.
Шаруа қожалықтары облыстық бюджет қаражаты есебінен «Аграрлық несие корпорация» АҚ филиалынан жем-шөп өндіруге және ауыл шаруашылығы жерлерін суаруға бағытталған жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға кредит ала алады. Мамандардың айтуынша несие жылдық 6% номиналды мөлшерлемемен беріледі, бастапқы жарна 20% құрайды. Мерзімі – 7 жылға дейін. Негізгі қарыз бойынша төлем жылына бір рет.
Бұл ретте кредит бойынша негізгі борышты ішінара мерзімінен бұрын өтеуге жіберілетін аванстық субсидиялар алу көзделген. Несиенің артықшылығы: сатып алынатын ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары кепілге алынады. Осы мақсатта бөлінген жалпы сома 500 млн. теңгені құрайды. Бұл қолдау – жемшөп өндірісін дамытуға, ауыл шаруашылығы техника паркін жаңартуға, облыстың фермерлік шаруашылықтары үшін кредит беру шарттарын жеңілдетуге, сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған.
Кеңес алу және өтінім беру үшін Ұлытау облысы бойынша «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ филиалына Жезқазған қаласы, Ғарышкерлер бақжолы, 40А, 3 қабат мекенжайы бойынша жүгінуге болады. Байланыс телефондары: 8 (777) 976 05 76, 8 (707) 708 15 99.
Аманкелді АҚШАЛ.