Тілді өркендету – баршаның ісі

Тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ұлтымыздың биік тұғыры. Бұл ретте біздің мемлекетіміздің тілге деген жанашырлығы басым. Президенттің жыл сайынғы халыққа Жолдауында да басым бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға басты назарда ұстап келеді.

Қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін нығайту еліміздің саясатының басты басымдығы болып қала береді. Қоғамда, мемлекеттік қолдау мүмкіндігі жоғары салаларда қазақ тілінің қолданыс аясы едәуір кеңейіп келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі қоғамымызда жастардың белсенділігі жоғары. Жастарға баса назар аудару арқылы тіл саясатын жүргізу мол жемісін береді деп ойлаймын.

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері төл тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңейді. Қазіргі таңда өнер, әдебиет, мәдениет, баспасөз, радио, теледидарымыз 90 – жылдарға қарағанда әлдеқайда «қазақша сайрап тұр» десек болады. Бұл – біздің мемлекеттік тіліміздің мәртебесінің асқақтағаны. Бұл – осы уақытқа дейін барлық мүмкін болар оңды-солды жағдайды жете бағамдай отырып жүргізілген мемлекеттік тіл саясатының нәтижесі.

«Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» деп Ғ. Мүсірепов айтқандай елдің болашағын, тілдің болашағын сақтау баршаның міндеті. Қазіргі жаһандану кезеңінде еліміздің ақпараттық кеңістігін әлемдік стандарттарға сай кеңейте отырып, мемлекеттік тілді ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бір нысаны ретінде жетілдіруді және қорғауды қамтамасыз еткеніміз абзал.

Қазақстандағы тіл саясатының көпұлтты мемлекетіміздің тұрақты дамуына ізгілікті қызмет етіп отырғандығы қуантады. Сонымен бірге әр ұлт өкілдерінің қазақ тілін білуге талпынуы қуантатын жағдай. Бұл тіліміздің Мемлекеттік тіл мәртебесін иеленуінің арқасы. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде мыңдаған жылдар бойы бабаларымыз ауызымен құс тістеген сұңғыла ойлы шешендер, ел намысын ту еткен көсемдер дамытқан ана тіліміз құлдырап кету жағдайына дейін барып қайта түледі, қайта жаңғырды. Шүкір дейміз.

Дархан ХАСЕНОВ,

Қаражал қаласының

 прокуроры.