ТІл мәртебесі — ел мәртебесі

«…Шыр етіп жерге түскен минутымнан, құлағыма сіңірген таныс үнім…» деп Сұлтанмахмұт Торайғыров атамыз айтқандай, қазақ тілі — туған тілім, шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап әкенің қанымен, ананың сүтімен бойыма сіңіріп, әлдиімен құлағыма құйып өскен Ана тілім! Ана тілімді жанымның арындай қорғап, бар байлығым деп мақтан етемін. Қалай ғана мақтан етпейсің, қазақ тілі – түп-тамыры тереңде жатқан өте бай тіл, әлемдегі ең әдемі, күрделі тілдердің қатарында. Әрбір қазақ баласының бірінші байлығы, қазынасы, кеудедегі намысы, өрлігінің өшірілмес айғағы.

Алайда, осынша керемет, осынша қастерлі, тарихында талай боздақтың қаны төгіліп, күні кеше ата-бабам арым деп, жанымен кұрбан болып қорғаған, осынау ұлтымыздың інжу-маржаны қазіргі таңда құнын жоғалтып келе жатқаны жаныма батады. Ең сорақысы, кейбір жастарымызға қазақша сөйлесең, қазақша жауап берудің орнына, қазақша сөзді естігеніне ұялып, артынша орыс тілінде түсіндіріп жіберуіңді күтіп тұрады. Ол ол ма, мен қазақша білемін, қазақ тілі, әдебиетін оқып бітіріп келдім деген кей «патриот» жастарымыздың жартысынан көбі тілін ағылшынша, орысша шұбарламаса да «калькалап» отырады. Сауатын сынға салып, орфография мен орфоэпияны шатастырып отырғандарды көргенде, амалсыз «әттең» дейсің. «Туған тіліне жаны ашымаған адам — жәндік» деген К.Паустовскийдің сөзі еріксіз ойға оралады.

«Жеті ұлттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» демекші, мен жастардың көп тілді меңгергеніне қарсы емеспін, тіпті қос қолдап қолдаймын. Бірақ, ол бір сөйлемге бірнеше тілді сөз қосып, тілден «салат» жаса деген сөз емес. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп Қадір Мырза-Әлі атамыз осыны меңзегендей.

Шынымен де, мемлекет — мемлекет болып тұруы үшін, әр қазақ біркісідей атсалысып, ұлтымыздың мәйегі ана тілімізді әспеттеп, құрметтей білуі және өзінен кейінгі ұрпақты ұлтжанды етіп тәрбиелей алуы парыз.

Отан — отбасынан басталады. Ал әр отбасынан ана тілін білмей, телефонға үңіліп, орнынан «есть хавать?» деп оянатын мәңгүрттер өсер болса, болашағымыз бұлыңғыр ғана емес, болашақ жоқ деп сенімді түрде айта аламын. Соқыр тауыққа бәрі бидай демекші, дүбәра ұрпаққа ұлттық құндылықты түсіндіре де алмаспыз. «Ұлттың жоғалуына себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы — тіл, сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп Ахмет Байтұрсынұлы атамыз айтқандай, Қазақстан атты қара шаңыраққа шын жанашыр болсақ, әуелі тілімізді қастерлеп, мемлекеттік тілімізді бала-шағамызға үйретіп, толық меңгеруді мойынымыздағы міндетіміз деп білейік. Рухы биік, діні берік ұлт болып қалыптасу үшін тілімізді — алтын тәжімізді ардақ тұтайық!

Балшырын АМАНТАЙ,

Қаражал тау-кен техникалық колледжінің оқытушысы.