Қазақстан Республикасының «Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңының (бұдан әрі — Заң) 1-бабына сәйкес, тауар таңбасы (белгісі) – бұл Заңға сәйкес тiркелген немесе Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық шарттарға орай тiркеусiз қорғалатын, бiр заңды немесе жеке тұлғаның тауарларын басқа заңды немесе жеке тұлғаның бiртектес тауарларынан ажырату үшiн қызмет ететiн белгi.
Заңның 4-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар белгісін оның иесiнiң келiсiмiнсiз ешкiм де пайдалана алмайды. Тауар белгісін пайдалануға келесі іс-әрекеттер жатады: тауар белгісін қорғалатын тауарларда және қызметтер көрсету кезінде оның қаптамаларында орналастыру, тауар белгісінің белгiлемесi бар тауарды жасау, қолдану, әкелу, сақтау, сатуға ұсыну, сату, маңдайшажазуларда, жарнамада, баспа өнiмiнде немесе өзге де iскерлiк құжаттамада қолдану, сондай-ақ, оларды айналымға өзгеше енгiзу. Яғни, аталған іс-әрекеттер тауар белгі иесiнiң келiсiмiнсiз пайдаланса, ол құқығын бұзу деп танылады.
Заңның 43-бабына сәйкес, бiртектес тауарларға қатысты, ал жалпыға бірдей белгiлi тауар белгісі жағдайында – барлық тауарларға қатысты айналымға тауар белгісі иесінің (құқық иеленушінің) келісімінсіз немесе оларға айырғысыз дәрежеге дейiн ұқсас белгiлемелер иесінің келісімінсіз енгiзу тауар белгісіне айрықша құқықты пайдалану құқығын бұзу деп танылады. Айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас белгілер – жекелеген элементтерінің айырмашылығы бар және тұтынушы ұқсастық тұрғысында бірдей деп қабылдайтын ұқсас белгілер немесе белгілемелер. Айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас болудың өлшемшарттары: фонетика, семантика және графика.
Фонетика – дыбыс, буындардың саны, дыбыстар мен әріптердің жуықтығы (мысалы, Сони атты бренд, Сони ағылшын тілмен және Сони қазақ тілмен жазылған, фонетика бойынша айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас белгілемелер болып танылады). Семантика – мағына, ұғымдардың және идеялардың сәйкестігі немесе қарама-қайшылығы (мысалы, Пиала –Кесе, Apple – Алма, Мен — Сен). Графика – сыртқы келбет, жалпы көру әсері, қаріп, жазу тәсілі, әріптердің орналысуы, түс және түстер үйлесімі. Заңның 44-бабына сәйкес, тауар белгісінің атауы немесе оларға айырғысыз дәрежеге дейiн ұқсас белгілемелер иесінің келісімінсіз орналастырылған тауар және оның қаптамасы контрафактілік деп танылады.
Контрафактілік тауарлар және олардың қаптамалары, сондай-ақ, оларды жасау үшін пайдаланылған саймандар, жабдық немесе өзге де құралдар мен материалдар соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде айналымнан шығарылуға және бұзушының есебінен жойылуға жатады. Қазақстан Республикасының тауар белгілері туралы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік-құқықтық, азаматтық-құқықтық және қылмыстық-құқықтық жауапкершілік көзделген. Әкімшілік-құқықтық жауапкершілік – Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 158-бабы тәртібінде Әділет департаментіне жолданым беру арқылы жүзеге асырылады. Жолданым тауар белгі иесiнiң немесе оның өкілі атынан беріледі.
Әділет департаменті өз кезегінде жолданымдағы көрсетілген нақты фактілер мен мән-жайларды Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкестігін тексереді. Сенімді негіздер және растайтын дәлелдемелер болған кезде жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Құқық бұзушылық болған жағдайда Әділет департаменті әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы толтырып, сотқа әрі қарай шешім қабылдау үшін жолдайды.
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 158-бабына сәйкес, тауар белгісіне айрықша құқықты түбегейлі пайдалануға байланысты жағдайларды қоспағанда, бөтен тауар белгісін немесе біртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге арналған, оларға айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас белгілемелерді заңсыз пайдалану, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, – тауар белгісі немесе біртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге арналған, оларға айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас белгілемелер заңсыз бейнеленген тауарлар тәркілене отырып, жеке тұлғаларға – жиырма, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне сексен айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Азаматтық құқықтық жауапкершілік Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 9, 970 және 1032-баптарының тәртібінде сотқа талап арыз беру арқылы қолданылады. Қылмыстық-құқықтық жауапкершілік Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 222-бабында көзделген. Сонымен қатар, кейбір жағдайларда тауар белгісіне құқықтарды бұзу жөніндегі дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібінде құқық бұзушыға шағым хаттар жіберу арқылы шешілуі мүмкін. Заңмен қорғалатынына сенімді болған жағдайда, жаңа өнімдерді шығару үшін өз уақытын, білімін және капиталын салуға дайын.
Осылай, зияткерлік меншікті құқықтық қорғау мемлекеттің экономикалық өсуіне, экспорт потенциалына және халықаралық бәсекелестік қабілеттігіне тікелей ықпал етеді.
Диана ЕСЕНОВА,
Ұлытау облысы Әділет департаменті зияткерлік меншік құқығы бөлімінің басшысы.

