Қаражал қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен және жергілікті кәсіпкерлер мен ұлттық спорт жанашырларының қолдауымен Қаражал қаласында ауқымды жаппай көкпар өткізілді. Ұлттық рухты ұлықтап, атадан қалған асыл мұраны дәріптеуге бағытталған бұл дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен тәжірибелі шабандоздар жиналып, қазақтың төл спортының мәртебесін асқақтатты.
Ат дүбірі мен көкпаршылардың қайсарлығы көрерменнің делебесін қоздырып, ұлттық құндылықтарды насихаттаған айтулы мерекеге айналды.
Қазақ «Көкпар – ер жігіттің ептілігі мен батырлығы сыналатын алаң» дейді. Расында да, көкпар – білектің күші мен жүректің батылдығын, тұлпардың жүйріктігі мен шабандоздың шеберлігін қатар саралайтын ұлттық өнер.
Ал жаппай көкпардың жөні тіпті бөлек. Мұнда әр шабандоз жеке бақ сынап, серкені иемдену үшін жан аямай күреседі. Сондықтан да, жаппай көкпар көрерменге ерекше әсер сыйлап, ұлттық спорттың ең қызу әрі тартымды түрі саналады.
Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне Қаражал қаласының әкімдігі қолдау көрсетті. Сонымен қатар, ұйымдастыру жұмыстарына ат спортының жанашырлары Қуаныш Оразәлі, Жанат Құспанов, Аслан Сүлейменов, Ерзат Асанұлы, Нұргелді Әбдіғамитов, Елубай Кеңес, Арнұр Айдарханов және Берік Шікіров белсенді түрде атсалысты.
Олар жарыстың барлық кезеңінің жүйелі өтуіне еңбек сіңіріп, ұлттық спорт мерекесінің лайықты деңгейде ұйымдастырылуына үлес қосты.
Әсіресе, көкпардың жүлде қоры мен ұйымдастыру жұмыстарына қолдау көрсеткен демеушілердің еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Атап айтқанда, олардың қатарында Шоқан Балғатайұлы, Жақсат Үскенбеков, Өміржан Мұхамбетов, Владимир Рыков, Жеңіс Қыдырбайұлы, Талғат Алиев, Қуантай Мұхаммеджанұлы, Имантай Айдархан, Хамза Нағашыбекұлы, Сәкен Даниярұлы, Қаржаубай Асанов, Думан Бекежанов, Қуаныш Оразәлі, Аслан Сүлейменов, Ақыл Ділдәбеков, «АГС Пласт» ЖШС және қалалық коммуналдық шаруашылық ұжымы демеушілік және материалдық-техникалық қолдау көрсетіп, ұлттық спорт мерекесінің табысты ұйымдастырылуына үлес қосты.
Жеңімпаздарға арналған ұлттық нақыштағы шапандарды тігіп берген Дарайым Қуатованың еңбегі де көпшіліктің ризашылығына бөленді.
Мұндай игі істер ұлттық құндылықтарға деген құрметтің нақты көрінісі екені сөзсіз. Қаражалда өткізілген жаппай көкпар осының айқын дәлелі.
Таңертеңнен бастап алаңға жиналған халықтың қарасы қалың болды. Алыстан ат терлетіп келген шабандоздар мен ұлттық спортқа жанашыр азаматтар мерекенің сәнін келтірді.
Ат тұяғының дүбірі мен көкпаршылардың айқайы қазақ даласының ежелгі рухын қайта тірілткендей әсер қалдырды.
Ойын барысында ұйымдастыру жұмы старына белсене араласқан азаматтардың бірі — Берік Шікіров ұлттық спорттың маңызы туралы өз ойын білдірді.
– Осындай ауқымды ұлттық спорт шарасының өтуіне үлес қосу – біз үшін үлкен мәртебе. Ең алдымен Қаражал қаласының әкімдігіне, сондай-ақ, демеушілік көрсетіп, қолдау білдірген кәсіпкерлер мен жанашыр азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Осындай азаматтардың арқасында ұлттық спортымыз дамып келеді.
Бұл – ата-бабадан қалған мұраны келер ұрпаққа жеткізудің үлкен жолы. Ұлттық құндылықтарымызды сақтап, насихаттау – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді ол.
Жарыстың әділ әрі тартысты өтуін қамтамасыз еткен қазылар алқасының құрамында Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Аманқазы Наукенов, Ұлытау облыстық жаппай көкпар федерациясының президенті Ғабит Қанай және Ұлытау облыстық командалық көкпар федерациясының президенті Ғазиз Хасенов болды.
Ал төрешілік міндетті Қызылорда қаласынан келген тәжірибелі төреші Алиакбар Ақтаев пен қаражалдық Жалғас Аманбай атқарды.
Дүбірлі доданы жүргізу Медет Жамановқа бұйырды.
Жаппай көкпарға Қазақстанның бірнеше өңірінен келген шабандоздар қатысты. Қарағанды қаласынан 7, Шет ауданынан 4, Ескене ауылынан 2, Жаңаарқа өңірінен 8, Байдалы би ауылынан 3, Ақтау ауылынан 12, Қызылордадан 3, Жезқазғаннан 8, Жәйремнен 7, Ақтай ауылынан 1, Қаражал қаласынан 8, Түркістаннан 2 және Астана қаласынан 3 шабандоз бақ сынасты.
Бұл көрсеткіш жаппай көкпардың өңірлік деңгейден асып, республиканың әр түкпіріндегі көкпаршыларды біріктіретін маңызды алаңға айналғанын көрсетті.
Таңғы уақыттан бастап алаңға жиналған көрермендер көкпардың қызу тартысын тамашалады. Жарыс бағдарламасы бірнеше кезеңнен тұрды.
Алдымен жаппай көкпардың бірінші кезеңі өткізілді. Түскі ас ұйымдастырылып, одан кейін арқан тартыс сайысы өтті. Кейін, жаппай көкпардың екінші және үшінші кезеңдері жалғасын тапты.
Күні бойы жалғасқан додада шабандоздар шеберліктерін көрсетіп, жанкүйерлерге әсерлі сәттер сыйлады.
Арқан тартыс ұлттық ойындардың бірі ретінде бағдарламаға енгізіліп, оған арнайы белдік пен ақшалай жүлде тігілді. Нәтижесінде, І орынды Қаражал қаласының командасы иеленіп, 50 мың теңге жүлдеге қол жеткізді.
ІІ орынды Ақтай ауылының командасы алып, 30 мың теңгемен марапатталды. Ал ІІІ орын Ақтау ауылының командасына бұйырып, 20 мың теңге жүлде табысталды.
Биылғы жаппай көкпардың жүлде қоры ерекше ауқымды болды. Жалпы саны 40 салым ойнатылып, жүлде қоры 2 миллион теңгені құрады.
Сонымен қатар, арнайы кубок, үш белдік және басты жүлде ретінде автокөлік тігілді. Бұл ұлттық спортқа деген құрмет пен қолдаудың нақты көрінісі болды.
Көкпардың беташар салымында Қаражал қаласының шабандоз палуаны Ералы Айдарханов Шайхин Ғайдардың «Тайфун» атты тұлпарымен салым салып, 50 мың теңге жүлдеге ие болды.
Ал қайтарым салымда Ақтау ауылының шабандозы Рамазан Шалғынбаев Қайсар Ынтықбаевтың «Гарантия» атты тұлпарымен үздік шығып, 50 мың теңгені қанжығасына байлады.
Жарыстың ең тартысты әрі есте қаларлық сәттерінің бірі – «Өгіз өлді» салымы болды. Бұл салымда Ақтай ауылының шабандоз палуаны Батырлан Сүйіндік Азамат Төлеубаевтың «Ханторы» атты тұлпарымен жеңіске жетіп, белдік пен 200 мың теңге ақшалай сыйлықты иеленді.
Ал осы салымның қайтуында Ақтау ауылының шабандозы Рамазан Шалғынбаев Қайсар Ынтықбаевтың «Гарантия» атты сәйгүлігімен тағы да топ жарып, белдік пен жарыстың басты жүлдесі – автокөліктің иегері атанды.
Бұл сәт алаңға жиналған көрермендердің зор қошеметіне ие болды.
Көкпар барысында ерекше көзге түскен шабандоздардың бірі – Қызылорда өңірінен келген Димаш болды. Ол Жанайқажының «Самұрық» атты тұлпарымен бірнеше мәрте салым салып, күні бойы жоғары шеберлік көрсетті.
Нәтижесінде «Үздік шабандоз» атанып, арнайы кубокпен марапатталды.
Қаражал қаласында өткен бұл дүбірлі дода ұлттық спорттың халық өміріндегі маңызын көрсетті. Аламанға қатысқан шабандоздар өз шеберліктерін танытса, көрермендер ұлттық рухтың күшін сезінді.
Бұл дүбірлі дода қазақтың төл спортына деген құрметтің жоғары екенін дәлелдеп, ұлттық мұраны келер ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды іс-шаралардың бірі ретінде тарихта қалды.
Ақбота САЖИНОВА,
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ II курс студенті
