ХХ ғасырдың бірінші жартысы қазақ халқы үшін орны толмас қасіретке, жазықсыз төгілген қан мен көз жасына толы болды. Тұтас бір ұлтты жер бетінен жойып жібере жаздаған қолдан жасалған нәубет – ашаршылық миллиондаған отандасымыздың өмірін қиды. Солақай саясаттың құрығына ілінген ұлт зиялылары, «халық жауы» деген жаламен ату жазасына кесіліп, айдауға кетті. Жаппай қуғын-сүргін мен тоталитарлық жүйенің қудалауы әрбір қазақ шаңырағына қайғы-қасірет әкелді.
31 мамыр – міне, осы зұлмат жылдардың құрбаны болған, жазықсыз жапа шеккен боздақтар мен ел болашағы үшін құрбан болған арыстарымызды еске алып, рухына бас иетін қасиетті күн.
Осы айтулы күнге орай, Қаражал қаласындағы қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш алаңында «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты терең мағыналы, әсерлі еске алу жиыны өтті. Шараға қала тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, жастар және нәубет жылдарында қуғын көрген азаматтардың ұрпақтары қатысты.
Жиналған қауым ел игілігі мен бостандығы жолында құрбан болған боздақтардың рухына бір минуттық үнсіздікпен тағзым етті. Одан кейін ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі басталды. Бұл рәсімнің Қаражал жұрты үшін орны бөлек. Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық тарихы Қаражал өңірін де айналып өтпеген еді.
Қала тарихында есімдері құрметпен аталатын, солақай саясаттың құрбаны болған ағайынды Тілеуғабыл мен Сыздық Байтеміровтердің және Сыздық Әлиев сияқты жерлестеріміздің есімдері бүгінде ақталып, ел жадында қайта жаңғырды.
Гүл қою рәсіміне осы жазықсыз жапа шеккен арыстардың ұрпақтары – Қаражал қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасына Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дүйсенбай Тажкеев пен Дина Әлиева бастап берді. Сондай-ақ, Қаражал қаласының Құрметті азаматтары Мешітбай Омаров пен Жарқынбай Жетімеков те ескерткішке гүл шоқтарын қойып, өткендердің рухына тағзым етті.
Жиында сөз алған Дина Сыздыққызы өткен күннің ащы шындығынан сыр шертіп, бабалардың сабыры мен қайсарлығының арқасында жеткен бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін білу керектігі туралы өнегелі ойларымен бөлісті.
ХХ ғасыр басындағы ашаршылықта 1,5 миллионнан астам отандасымыз қаза тапты. Қазақ халқы сол шығынның орнын тек жарты ғасырдан кейін ғана әзер толтырды.
Алайда, өз басына түскен осындай ауыр тауқыметке қарамастан, қазақ халқы тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне қоныс аударылған өзге этнос өкілдерін бауырына басып, нанымен бөлісті. Соның нәтижесінде бүгінде еліміз бейбітшіліктің бесігіне, «Қазақстан халқы» атты бірлігі жарасқан ұлы елге айналды.
Шарада Тәуелсіздік жылдарында қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңның маңызы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі ерекше атап өтілді: «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз».
Өткеннің қасіретін ұмытпау – болашақ алдындағы үлкен жауапкершілік. Тарихтың осынау ащы сабағы бүгінгі ұрпақты ел бірлігі мен Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтауға үндейді.
«Аспанымыз ашық, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» деген ізгі тілекпен аяқталған бұл шара қаражалдықтардың санасына тағы бір мәрте тарихтан тағылым алып, өткенге тағзым етудің қаншалықты маңызды екенін ұқтырғандай болды.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ
