«Табысты Отбасы»: 26 үміткер сертификат алды

Өткен жылдың 1 желтоқсанынан бастап Ұлытау, Абай, Жетісу, Ақтөбе және Түркістан облыстарында «Табысты отбасы» жобасы іске қосылған болатын. Бес өңірде пилоттық жоба ретінде қолға алынған жоба негізінен әлеуметтік жағынан осал топтар арналған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша аталмыш жобаға көпбалалы және толық емес отбасы мүшелері, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жалғызбасты аналар мен әкелер, табысы төмен отбасынан шыққан жастардың да бақ сынап көруге мүмкіндігі бар. Олар жаңа дағдыларға үйреніп, тәжірибелік тренингтерден, шеберлік сыныптарынан өтеді және өз ісіне тұрақты тәлімгерлік сүйемелдеуге ие болады. Ал, жеңімпаздарға грант қаржысы заттай беріледі. Яғни, үздіктер бизнес жобаға сәйкес қажетті құралдармен қамтамасыз етіледі.

Міне, осы берері мол жобаның екінші ағымына қатысушылар республиканың төрт облысында сертификаттар алды. Сертификаттар сәрсенбінің сәтінде Ұлытау облысынан қатысқан 26 үміткерге де салтанатты түрде табыс етілді. Олардың тоғызы –«SMM», он бірі – «Бьюти индустрия», алтауы – «Тігін ісі» курстарын тәмамдаған.  Түлектердің қатарында Қаражал-Жәйрем өңірінің тұрғындары да бар екенін айта кеткен ләзім.

Айшықты шарада «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық желімен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов пен «Samruk-Kazyna Trust» қорының өкілдері және жоба авторы Айжани Нұрланова екінші лектің түлектерін онлайн форматта құттықтады.

Орайы келгенде айта кетейік, жобаның екінші ағымында бес облыстың 143 тұрғыны «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасы аясында оқуын аяқтағаны туралы сертификат алды. Қатысушылар мастермайнд, консультацияларды, жеке дамуы бойынша тренингтерді және ең бастысы бес бейінді бағыт бойынша («SMM», «Автоэлектрик», «Бьюти индустрия», «Кондитер ісі», «Тігін ісі») оқытуды қамтитын қарқынды кешенді оқыту айынан сәтті өтті. Алдағы күндері осы сертификат алған түлектерге 150 АЕК сомасына жабдықтар жиынтығы, сондай-ақ, үш ай ішінде істі енгізу және дамыту мәселелерінде тәлімгерлердің қолдауы берілітін болады.

Ізбасар ОЙБАС