Табандылық пен кәсіби шеберліктің жарқын үлгісі

Өндіріс – ел экономикасының тірегі, ал сол өндірісті алға сүйрейтін өз ісіне адал, тәжірибесі мол, жауапкершілігі жоғары еңбек адамдары. Осындай нағыз еңбек майталмандарының бірі — «Жәйрем кен байыту комбинаты» ЖШС-нің автогрейдер машинисі, өндіріс озаты Өмірбай Ашықбаев.

Өмірбай Шалғымбайұлы 1978 жылдың 16 наурызында Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының Кенжебай-Самай ауылында дүниеге келген.

Қарапайым еңбек адамдары отбасында тәрбиеленіп, адал еңбек пен маңдай тердің қадірін бала кезден бойына сіңіріп өсті.

Әкесі – жүргізуші, анасы – үй шаруасында болған. Осындай еңбекқор ортада өскен ол ерте жастан жауапкершілікті сезініп, өмірлік жолын еңбекпен байланыстырды.

1995 жылы Түгіскен орта мектебін аяқтаған соң, жоғары оқу орнына түспей, бірден еңбекке араласты.

1996 жылы Жеңіс совхозында механизатор болып еңбек жолын бастады. Бұл кезең оның еңбек мектебіне айналды.

Қарапайым жұмысшыдан бастап, техника тілін меңгеріп, төзімділік пен табандылықты шыңдады.

Он екі жыл бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, нағыз тәжірибелі маман ретінде қалыптасты.

2008 жылдан бастап Өмірбай Шалғымбайұлы «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да автогрейдер машинисі болып еңбек етіп келеді.

Өндіріс саласына келу оның өміріндегі жаңа белес болды. Бұл жерде ол өз кәсібін одан әрі жетілдіріп, өндірістік техниканы жоғары деңгейде меңгерді.

Бүгінде оның осы кәсіпорындағы еңбек өтілі 18 жылдан асып отыр.

Өндірістегі алғашқы қадамдарында тәлімгері Зайнагабдин Кабирден көп нәрсе үйренгенін өзі ерекше атап өтеді.

Үлкеннің өнегесін көріп, тәжірибесін бойына сіңірген ол бүгінде өзі де кейінгі буынға үлгі боларлық деңгейге жетті.

Қарапайымдылық танытып, «озат шәкірттерім бар» деп айтудан тартынса да, оның тәлімін көрген жас мамандар аз емес.

Өмірбай Шалғымбайұлы өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын, техниканы жетік меңгерген, жұмысты сапалы әрі уақытында орындайтын білікті маман.

Автогрейдер машинисі ретінде өндірістегі маңызды процестердің бір бөлігін атқарып, кәсіпорын жұмысының үздіксіз жүруіне өз үлесін қосып келеді.

Оның еңбегі елеусіз қалған емес.

2025 жылы Көкшетау қаласында «Altyntau Kokshetau» АҚ базасында өткен автогрейдер машинистері арасындағы жарыста І орын алып, кәсіби шеберлігін дәлелдеді.

Бұл оның білімі мен тәжірибесінің, еңбекке деген адалдығының нақты нәтижесі.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 12 маусымында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің «ІІІ дәрежелі Кенші Даңқы» төсбелгісімен марапатталуы оның өндірістегі еңбегіне берілген жоғары баға.

Өмірбай Шалғымбайұлы тек білікті маман ғана емес, сонымен қатар, өнегелі отағасы.

Жарымен шаңырақ көтергеніне 30 жыл толып, бүгінде 4 баланы тәрбиелеп өсіріп отыр.

Оның ішінде кенже ұлы Батырбек әке жолын жалғап, осы өндіріс саласында автомеханик болып еңбек етуде.

Бұл – әке еңбегінің, тәрбиесінің жемісі екені сөзсіз.

Бос уақытында мал шаруашылығымен айналысуы оның ауылға, қарапайым тіршілікке деген жақындығын көрсетеді.

Еңбек пен тұрмысты қатар алып жүрген ол шынайы ауыл азаматының бейнесі.

Өндірістегі тәжірибелі маман ретінде ол еңбек қауіпсіздігін күшейту, жұмыс орындарын заманауи техникамен жабдықтау, қызметкерлерді ынталандыру жүйесін жетілдіру қажет екенін атап өтеді.

Бұл оның тек орындаушы емес, өндірістің дамуына бейжай қарамайтын, ойлы, жанашыр қызметкер екенін дәлелдейді.

Өмірбай Шалғымбайұлының арманы өзі жете алмаған белестерге балаларының жетуі.

Ал мақсаты өз жұмысын сапалы атқарып, өндірістің дамуына үлес қосу және абыроймен зейнетке шығу.

Болашаққа деген тілегі де ұжыммен тығыз байланысты: кәсіпорынның өркендеуі, тұрақтылық пен табыс.

Қорыта айтқанда, Өмірбай Ашықбаев қарапайым еңбек адамы бола тұра, өз ісінің нағыз шебері, өндіріс озаты.

Оның еңбек жолы табандылықтың, адалдықтың және кәсіби шеберліктің жарқын үлгісі.

Осындай жандар барда өндіріс те, ел де дамудың даңғыл жолынан таймайды.