Ұлытау облысының əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ Қаражал-Жəйрем өңіріне жұмыс бабындағы сапармен келіп, қала мен кенттің бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігін бағамдады. Сапар барысында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан, сондай-ақ, қолданысқа берілген нысандарда болды. Жəйрем кенті тұрғындарымен кездесіп, көкейкесті сауалдарына құлақ түрді. Өңірді аралау кезінде аймақ басшысымен облыстық мəслихаттың хатшысы Бауыржан ШЫҢҒЫСОВ бірге жүрді.
Алғашқы кезекте Берік Әбдіғалиұлы 2021 жылы пайдалануға берілген тау-кен комбинатының «Жәйрем полиметалдары» жобасымен танысты. Оның жобалық қуаты жылына 5 млн тоннаға дейін полиметалл кенін қайта өңдеуді, 72 мың тоннаға дейін қорғасын концентратын, 308 мың тоннаға дейін мырыш концентратын шығаруды құрайды. Бұл жобаны іске асыру қорғасын-мырыш кендерін қорғасын және мырыш концентраттарын алу арқылы қайта өңдеуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта жұмыскерлерінің 90 пайызы жергілікті мамандардан жасақталған фабрика үшін қызметкерлерді дайындау және оқыту, «Қазцинк» ЖШС басқа бөлімшелерінде тағылымдамадан өткізу, фабриканы іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде. Компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Қарағанды техникалық университетінде 19 студентті өз қаражатына оқытуда.
Қаражал қаласы әкімдігі мен «Казцинк» ЖШС аралығында әлеуметтік әріптестік жөніндегі меморандум әзірленуде. Құжат аясында 2023 жылы денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу, Жәйрем кентінен жыл сайын кемінде 2 студентті медицина мамандығына оқытуға білім гранттарын бөлу, кентті абаттандыру, басқа да салаларға қолдау көрсету көзделіп отыр.
Берік Әбдіғалиұлы су жетіспеушілігі мәселесін зерделеу мақсатында Тұзкөл су қоймасы №3су айдау станциясына арнайы барып, жағдайды өз көзімен көрді.
Әр нысанда тиісті құрылымдық салаға жауапты тұлғалардың есебін тыңдап, тиісінше, нақты тапсырмалар берді.
Бұдан кейін облыс басшысы кенттегі Мәдениет үйінде тұрғындармен, Қоғамдық кеңес мүшелері және жергілікті өзін өзі басқару қауымдастығының өкілдерімен кездесіп, ашық пікір алмасты. Басқосуда кенттегі өзекті мәселелер ортаға салынды, соның ішінде, оларды судың жетіспеушілігі қатты алаңдататыны аңғарылды.Қауымдастық мүшелері мен кенттің белсенді азаматтары,сондай-ақ, кәріз жүйесіндегікемшіліктерді, ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің Жаңаарқа ауданы аумағына берілуіне байланысты жайылымдық жердің жетіспеушілігі, спорт-сауықтыру кешенінің қажеттілігі және кентте полиция қызметкерлерінің санын ұлғайту мәселесін көтерді.
Аймақ басшысы спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы Жәйрем кен байыту комбинатымен жасалатын меморандумға қосу ұсынылғанын мәлімдеді. Жиын түйінінде күрделі жайттардың түйінін тарқатуға қатысты қолға алынуы тиіс әрекеттердің алғышарттары айқындалды.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды сыртқа шығаруға осы уақытқа дейін кент бюджетінен 1 млн теңге қаражат бөлініп келген. Облыс басшысы бұл қаражат көлемін 10 млн теңгеге дейін ұлғайтуды тапсырды. Сонымен бірге, тұрғындар тарапынан қозғалған маңызды мәселелердің орындалу барысымен танысу мақсатында бір айдан кейін Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіне арнайы келетінін жеткізді.
Облыс әкімі қордаланған мәселелерді тиімді шешу үшін Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаевқа Жәйрем кентін дамыту жоспарын әзірлеу және аптасына кемі бір күн кентке келіп жұмыс істеу туралы тапсырма берді.
Жұмыс сапары барысындаБерік Әбдіғалиұлы Қаражал қаласында құрылысы жүзгізіліп жатқан жабық үлгідегі жүзу бассейнінің қазіргі жай-күйімен танысты.Сұранысқа ие маңызды нысанның құрылысын тиянақтау 2023 жылға жоспарланған.
Аймақ басшысы, сонымен қатар, 25 орамдағы көпқабатты тұрғынүйді қайта жаңғыртужұмыстарының барысын арнайы барып көрді. Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген №1 орта мектепке де атбасын бұрды.
Қазыналы өңірге жасаған сапар қорытындысында облыс әкімі Берік ӘбдіғалиұлыҚаражал-Атасу бағытындағы автокөлік жолын жөндеу мәселесін назарға ұстайтынын мәлімдеді. Қала әкімінің алдына басымдық сипатты иеленетін бағыттарда атқарылуы тиіс ауқымды шараларды одан әрі ширату және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға оң әсерін тигізетін кешенді жұмыстарды жүйелі әрі пәрменді түрде жалғастыру міндетін қойды.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің материалдары негізінде әзірленді.