Ұлттық мереке – Республика күніне орай Ұлытау облысында алғаш рет ұлттық спорт түрлерінен фестиваль өтті. Сайыста 200-ден астам адам 8 спорт түрінен бақ сынады.
Фестивальде Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларынан, Жаңаарқа, Ұлытау аудандарынан спортшылар көкпар, асық ату, тоғызқұмалақ, садақ ату, аударыспақ, теңге ілу, арқан тартыс, қазақ күресі сияқты ұлттық ойын түрлерінен сайысқа түсті.
Жарыстың жалпы жүлде қоры – 6 млн. 800 мың теңге. Іс-шарада сондай-ақ, қонақтар мен қатысушылар жергілікті өнерпаздар мен арнайы шақырылған эстрада жұлдызы Ұшқын Жамалбектің өнерін тамашалап, арнайы тігілген киіз үйлерде ұлттық тағамдардан дәм татты.
Ұлттық спорт фестивалі қорытындысында спорт түрлерінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер мақтау қағаздарымен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Орайы келгенде айта кетейік, бүгінде өңірлерде кең тарап, қарқынды дами бастаған көкпар тарту аталмыш фестивальдің өзегі болды. Нәтижесінде I орынды Жаңаарқа ауданының командасы (1 000 000 тг.) қанжығасына байласа, II орынды Қаражал қаласының командасы (500 000 тг.), III орынды Жезқазған қаласының командасы мен Жаңаарқа ауданының Байдалы би ауылынан келген көкпаршылар өзара бөлісіп, әр команда 300 000 теңгеден иеленді.
Ізбасар ОЙБАС.