Туризм мәселесі кеңінен сөз болды

Ұлытау өңірі туризмге қолайлы аймақ деп жатамыз. Алайда, бұл бағыттағы жұмыстар сын көтермейтіні де жасырын емес. Осы әңгіме жуырда облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен өткен жиында кеңінен сөз болды.

Жалпы, облыста туристік қызметтерді қолжетімді ететін кәсіпкерлерге мемлекет  тарапынан бірқатар қолдау бар. Атап айтар болсақ, туристік тасымал жасау үшін өз есебінен микроавтобустар сатып алған жағдайда кәсіпкерге транспорт қаражатының 25%, қонақ үй құрылысы жобасын жүзеге асырған жағдайда шығынның 10% қаражаты қайтарылады екен.

Жиында Берік Әбдіғалиұлы автобустарды сатып алып, туристік тасымалдау қызметін көрсету – алдымен қонақ үйі бар кәсіпкерлерге қолайлы екенін айтты.

– Тас жолдардың бойында, туристік орындарда қонақтарға көрсетілетін санитарлық-гигиеналық жағдайлардың сапасы сын көтермейді. Сырттан келген адамдарға алдымен сол жағдай қарастырылуы керек.

Одан кейін, Жезқазған қаласының әкімдігіне Жошыхан, Алашахан кесенелерінің жанынан келесі жылы туристік модуль орнатуды тапсырамын, – деді өңір басшысы.

Жиында баяндама жасаған Ұлытау облысы кәсіпкерлік  және  өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Арынғазиннің айтуынша өңірдегі тас жолдар бойында орналасқан 26 санитарлық-гигиеналық торап бар екен. Олардың күтіміне келесі жылдан бастап ай сайын 83 мың теңге бөлу үшін қаражат қарастырылған. Бұл ретте өңір басшысы гигиеналық орындар санын көбейту қажет екенін жеткізді.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.