Тұрғындар тілегі ескеріледі

Жоғары деңгейдегі құзырлы билік тарапынан жүйеленген реттілікке сәйкес, қазіргі таңда ел аумағында әр деңгейлі әкімдердің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесулері өтіп жатқаны белгілі. Сол талап аясында Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов жергілікті халықпен жүздесіп, өткен жылы атқарылған жұмыс нәтижелері мен алдағы жоспарлары хақында кең тұрғыда әңгіме өрбітті. Өңір басшысы Тілектес Досаев қатысқан маңызды басқосудың тізгінін қалалық мәслихаттың хатшысы Зәмзагүл Оспанова ұстады.

Есепті кездесу Тілектес Темірбекұлының кіріспе сөзімен басталды. Қала әкімі, тиісінше, алқалы жиынның қажеттілігі мен маңыздылығы жайлы сөз қозғап, оның барысында тұрғындар тарапынан көтерілген күрделі мәселелер мен өзекті жайттар атқарушы билік тарапынан ескеріліп, алдағы кезеңде қолға алынар істердің негізіне алынатынын мәлімдеді. Тұрғындарды ашық әңгімеге шақырып, кез келген сауалға құлақ түруге ынталы екендігін аңғартты.

Кент әкімі Қайрат Жансағымов өзінің сараптамалық-талдамалық мазмұндағы баяндамасында жыл көлемінде жүргізілген жұмыстар мен олардың тиімді тұстарын жария етті. Тиянақталуы халық тілегімен үндесіп жатса да, дер кезінде еңсерілмей қалып, жергілікті қауымның базына-назын, бәзбір жағдайларда өкпе-ренішін туындатқан жекелеген жайттарды да бүгіп қалмады. Ол сонымен қатар, биылғы жылы кент аумағында қолға алынуы жоспарланған нақты шараларға да егжейтегжейлі тоқталды. Олардың әлеуметтің әлеуетін арттыруға қатысты күтілер игі нәтижелерін атап өтіп, әрқайсысына дербес сипаттама берді.

Кент әкімінің есепті баяндамасынан кейін жиынға қатысушы жұртшылықтың көкейкесті сауалдары мен ортақ мүдделі істі ілкімді ете түсу бағытындағы нақты ұсыныстары тыңдалды. Осы орайда, тұрғындардың атқарушы билік өкілдеріне қойған сұрақтары алуан сипатты болғанын атап өткен жөн. Олардың бірі өзінің жеке басына қатысты мәселені қозғаса, енді біршамасы жалпы кент тұрғындарын толғандыратын сауалдарды қозғады. Соның ішінде, мал жайылымының тарлық етуі, жер телімдерін бөлу жайы, жылумен жабдықтау сапасын арттыру, кент аумағын әлі де абаттандыра түсу, заманауи үлгідегі спорт-сауықтыру кешенін салу және өзге де осытектес мәселелерді көтерді.

Кездесу барысында қойылған салмақты сауалдардың басым деніне қала басшысы, кент әкімі және қатыстылығына байланысты салалық мемлекеттік мекемелер мен бөлімдердің басшылары орнықты әрі тұшымды жауаптар берді. Ал қарастырылуы немесе тиянақты шешімін табуы қандай да бір уақыт кезеңін талап ететін сауалдар тізбегі назарға алынып, орындалуы бақылауға қойылатыны мәлімделді.

Осы ретте қала әкімі Тілектес Досаев кент әкімінің есеп беру кездесуін түйіндер сәттегі қорытынды сөзінде тұрғындарды мазалайтын сауалдарды өзінің жеке қадағалауына алатынын, жұмысты бағдарлау кезінде ел тілегі ескерілетінін қадап айтып, жұртшылыққа берекелі тірлік тіледі. Қалың қауымды алдағы уақытта да «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол» шығара отырып, әрекет етуге үндеді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ