Бұл мәселе Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының салалық кеңесінің отырысында кеңінен талқыланды. Бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету жергілікті бизнесті дамытуға және өңірге инвестиция тартуға қолайлы жағдай туғызады деп мәлімдеді мамандар.
Орайы келгенде айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Қазақстан Республикасының Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, арнаулы салық режимінің қолданылуы қайта жанданғаны белгілі. Бұл ретте белгілі бір шарттарға сәйкес келетін салық төлеушілер бөлшек сауда салығы бойынша АСР қолдануға құқылы (салық кезеңіндегі қызметкерлердің орташа тізімдік саны 200 адамнан аспайды, ал күнтізбелік жылдағы табысы 600 000 АЕК-тен аспайды). Осы жаңа жүйеге қатысты жер-жерлерде талқылаулар да жүргізіліп, өкілетті органдар өз ұсыныстарын да жария еткен еді. Бұдан Ұлытау өңірі де қалыс қалған жоқ. Биылғы жылдың мамыр айында Ұлытау облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында облыстың қала, аудан мәслихаттарына арнаулы салық режимін қолдану кезінде мөлшерлемені 50%-ға төмендету бойынша хаттарын да жолдаған болатын. Ал, аптаның ортасында прокуратура, әділет және мемлекеттік кірістер департаменттерінің өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, өңірлік кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер мен жергілікті кәсіпкерлер Ұлытау облысы бойынша бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету мәселесін қызу талқылады.
Отырыста бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету экономикалық және әлеуметтік секторлардың дамуына тікелей әсер ете алатын өте маңызды үрдіс екені атап өтілді. Бұл тұтынушылар үшін тауарлар мен қызметтердің бағасын төмендетіп, тауарлар мен қызметтерге сұраныстың артуына ықпал етеді, салық жүктемесін азайтады және көптеген кәсіпорындардың көлеңкеден шығуына мүмкіндік береді, деді мамандар. Олар сондай-ақ, өздерінің нақтылы ұсынысын да айтты. Мәселен, шағын және орта бизнестің дамуының оң динамикасын ескере отырып, облыс бойынша арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесін 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендету Ұлытау өңірінің бизнес ахуалын жақсартуға, кәсіпкерлерге салық жүктемесін азайтуға, кәсіпкерлікті заңдастыруға және облыстағы бизнес сектордың іскерлік белсенділігін арттыруға мүмкіндік бермек.
Ұлытау өңіріндегі бөлшек салық мөлшерлемесін төмендетуге арналған жиын өңір экономикасы мен кәсіпкерлікті дамытудағы маңызды қадам болды. Бұл шара жергілікті бизнесті дамытуға және өңірге инвестиция тартуға қолайлы жағдай туғызбақ. Айта кетейік, былтыр Ұлытау облысы бойынша тіркелген жеке кәсіпкерлер саны 15 пайызға артса, биыл бұл көрсеткіш 18 499-ға жетті. Жұмыс істеп тұрған ШОБ саны 19 пайызға артып, 17 314 бірлікті құрады.
Ізбасар ОЙБАС.