Төл спорттың түлеген күні

Бәсіре – қазақ шаңырағында дүниеге ұл бала келгенде, сол күндері туған құлынды немесе ботаны нәрестенің бәсіресі деп атау салты. Көбінесе, бәсірені бала ат жалын тартып міне бастаған 7-8 жас кезінде, мүмкіндігіне қарай жүйрік, жорға шыққан тұқымнан құлын таңдайды. Бәсіре негізінен, жылқы малынан аталғанымен, кейбір кезде қозыны да атаған. Бәсіре малға ен салып, үнемі қадағалап жүреді. Бәсіре малдың басына түскен ауыртпалығы (ауруы, ақсауы, тау-тастан құлауы) арқылы баланың ілгеріде бақытты, бақытсыз боларын жорамалдап ырым еткен. Наным бойынша, баланың болашағы оның бәсіре тайымен тығыз байланысты. Сондықтан, ондай тайды мінбейді, жекпейді, соймайды, сатпайды. Қайта баламен бірге бұла етіп өсіреді. Өзінің атаулы малымен бірге өскен бала еркін болып, кішкентайынан мал қадірін біліп, шаруаға икемді келеді.

Бұл ұмыт болған салт-дәстүр өңірімізде әлі де жүзеге асырылатынына көз жеткіздік. Неге десеңіз, «Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ ұйымдастыруымен алғаш рет жабағы жарыстан 10-13 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында қалалық біріншілігі өтті. Бір сөзбен айтқанда, атымтай азаматтар төл спортты түлетті. Оған қоса жеке кәсіпкер Талғат Тотин демеушілік білдірді. Жас атбегілер аламанына ауыл-аймақтан келген 10-13 жас аралығындағы бірнеше бала қатысты. Бозбалаларға қойылған талап – асаудың үстінде мейілінше құламай, тақымында ұзақ ұстау.
Ұйымдастырушылардың бұл спортты жүзеге асыруының негізгі мақсатына келсек, балаларды дене шынықтыру мен спортқа тарту, бұқаралық спорт түрлерін насихаттау және дамыту. Сондай-ақ, қаланың дене шынықтыру бұқаралық және сауықтыру жұмыстарын жандандыру.
Ә деген бетте жас шабандоздарға Қаражал қаласының қоғамдық кеңес мүшесі Сексен Сүлейменов ағамыз батасын беріп, сәттілік тіледі. Арғымақтары көсіліп шапқан, шабандоздарының арқасы қозып қиқуға басқан бәйге өте тартысты әрі тартымды болды.
Нәтижесінде жабағы жарыстан 1 орынға Темірболат Сүйінтай, 2 орынға Сексен Нұрасыл, 3 орынға Ескермесов Рауан, 4 орынға Ғабдулла Расул, 5 орынға Ғабдулла Мирас ие болды. Сонымен қатар, Өгіз өлдіден Ғабдулла Мирас пен Ғабдулла Расул 8 мыңнан сыйақыға ие болды. Сондай-ақ, «Үздік шабандоз» номинациясын Ғабдулла Расул, «Үздік ат» номинациясын Батырбек Нұртілеудің Аққоян атты арғымағы иеленді. Ал, «Көрермен көзайымы» номинациясын Сексен Нұрасыл қанжығасына байлады.
Барша шабандоздар арасынан суырылып шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге грамоталар, медальдар және ақшалай сыйлықтар табысталды.
Болашақта да дәл осындай төл спортымызды дамытатын байрақты бәсекелер көбейсе деген тілегіміз бар. Қазақтың ұлылығы мен даналығын бүкіл әлемге паш ететін мәдениеті мен салт-дәстүрі болса, соның ең бастысы ұлттық спорт ойындары екені даусыз.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ