Халықтың рухани мұрасына қызмет еткен ұлы тұлғалар аз емес. Данышпан қазақ халқы ақынға кенде болған жоқ. Поэзия әлеміне көз салсақ қазақ халқының арман-мұраты, шаттығы мен қайғысы ең алдымен ақын жүрегіне жиналған, ақын өлеңдеріне арқау болған.
Осыған орай, 22 қараша күні «Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ-де киелі поэзия әлемінде өзіндік үн, өзіндік сыр, өзіндік бояу, ажары бар, сезім мен сырға толы өлеңдерімен, оқырман қауымын елең еткізіп, жыр тербеп жүрген ақындарымыздың қатысуымен «Жайлауы жас қаламның – албырт сезім» атты поэзия кеші ұйымдастырылды.
Кештің мақсаты – өскелең ұрпақты халықтың рухани мұрасына тарту, оқу мәдениетін дамыту мен қолдау, тарихи және рухани мұратымызды сақтау, ана тілімізге деген қамқорлық қатынас, ұлттық әдебиеттерге деген оқырмандар қызығушылығын арттыру.
Кітапхана ұжымы қонақтарды құшақ жая қарсы алып, кешті «Арқа қаламгерлері — ел мақтаныштары» атты кітап көрмесімен таныстырудан бастады.
Поэзия кешінің шымылдығын мың бұралған «Азия» би тобы ашып, алғы сөз Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Ақжол Құрмансейітке берілді. «Ұлар» әдеби клубының жетекшісі Абай Ораздың бастауымен Жанат Әбдіғожин, Медет Қарахметов, Сейтқазы Мұқағали, Қанат Мусин, Мәди Олжабай ақындарымыз өз өлеңдерін оқыды. Ақындардың мақсаты — жас ақындарды «Ұлар» әдеби клубының қатарына тарту, баулу. Жас қаламгерлер жүректен шыққан өлеңдерін оқыды. Ұлытау өңірінен келген жас ақындар «Ұлар» әдеби клубына мүшелікке енуге ұсыныс білдірді.
Кеш соңында Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Ақжол Ахатұлы мен кітапхана директоры Тлеухор Байшукенова ақындарымызға шығармашылық табыс тілеп, ақжарма тілектерін айтып, Қаражал қаласының 60 жылдығына арналған кітап пен бағалы сыйлықтарды тарту етті. Ақындарымыз өз кезегінде жиналған жастарға ризашылығын білдіріп, өз кітаптарын кітапханамызға сыйға тартты. Кеш соңында ақындар мен қонақтар естелік суретке түсті. Бұл поэзия кеші оқырмандарымызды рухани байытқан әсерлі іс-шара болды.
Мадина АЙТБЕКОВА,
Орталық кітапхана
библиографы.