Өңірдегі ұлттық спорт жетістігі

Көкпар – ата-бабаларымыздың асыл аманаты. Көкпар қазақтың қанына сіңген ұлттық спорт ойындарының бірі. Түркі тектес халықтардың арасында кеңінен танылған бұл ойынның ережесі соңғы уақытта ұмытыла бастаған еді. Алайда, кейінгі жастар қайта қызығушылық білдіріп, ұлттық спорт ойыны қайта жандана бастады. Бұған жүректі жігіттер ғана қатысатыны да бесенеден белгілі.

Сүйініштісі сол, өңірімізде көкпар десе ішкен асын жерге қоятын азаматтар аз емес. Қаламыздың білекті де жүректі шабандоздарының осыдан 2 жыл бұрын көкпар ойынына қызығушылықтары арта бастапты. Сол жылдары Атасу ауылында жаппай көкпар ойыны орын алған екен. Атасу ауылының шабандоздары сол кезде эстафетаны біздің жігіттерге табыстаған болатын. 2022 жылы қарашаның 13 жұлдызында қаламызда алғаш рет жаппай көкпар ойынын бастап жіберген. Сол көкпардан кейін қаламыздың азаматтарының біразының көкпар ойынына деген қызығушылығы оянып, көзқарастары өзгере бастап, ұлттық ойынға жанашыр азаматтар көбейе бастаған. Бірінші Алла, екінші сол жанашыр азаматтарымыздың арқасында жасөспірімдер арасында Жаңаарқа ауданында чемпионат өтіп, екінші орынды қанжығалаған болатын. Чемпионатқа атсалысқан Шалғы кентінің азаматы Талғат және жергілікті депутаттар Аслан мен Беріктің бастамасымен шабандоздарымыз жақсы көрсеткішке ие болып қайтқаны бәрімізге мәлім. Қаламыздың шабандоздар капитаны Ернұр Айдарханов, ал тренері  – Ерзат Асанұлы. Жетекшілеріне келсек, Берік Шікіров пен Аслан Сүлейменов атты азаматтар.

Жоғарыдағы жетістіктерден бөлек, Қаражалдың 60 жылдық мерейтойының аясында өткен командалық көкпарында 1 орынды Қазақстанның 12 дүркін чемпионы болған “Әулие ата” командасы, 2 орынды капитан Ерзат Асанұлы бастаған Қаражал командасы, 3 орынды Ақтау ауылы командасы иеленгентін. Сондай-ақ, Жезқазған қаласында Республика күніне орай, “Ұлттық спорт түрлері фестивалі” іс-шарасында командалық көкпарда 2 орынды капитан Ерзат Асанұлы бастаған Қаражал командасы ие болған. Тренері Аслан Сүлейменов, Жанат Құспанов. Жетекшісі – Берік Шікіров.

Сонымен қатар, өткен аптада, яғни, қараша айының 18 жұлдызында, Қаражалдың 60 жылдық мерейтойының аясында ұлттық ойын дүбірлі жаппай көкпар өткен болатын. Бұл дүбірлі байрақты додаға Қарағанды, Астана, Шахтинск, Жезқазған қалаларынан, Қызылжар кенті, Ақтау, Байдалы би, Ақтүбек, Батық ауылдарынан, Жаңаарқа ауданынан, Талдыбұлақ, Атасу станциясы және Қаражал қаласын қосқанда барлығы  70-ке жуық ат қатысқан болатын. Көкпарда барлығы 2 000 000 теңге салым салынған болатын: 100 000 теңгеден 4 салым, 50 000 теңгеден 10 салым, 90 000 теңгеден 2 салым, 60 000 теңгеден 10 салым, 30 000 теңгеден 4 салым, 250 000 теңгеден 1 салым, 350 000 теңгеден 1 салым. Көп салым салып “Үздік шабандоз белбеуі“ Батық ауылынан келген Алмас Кәрібаев қанжығасына байлады. Ал «Өгіз өлді баруын» Ақтүбек ауылынан Балғатай Кіштаев салды. Жүлде қоры 250 мың теңге және “Өгіз өлді” белбеуінің иегері атанды. Сондай-ақ, «Өгіз өлді қайтуын» жерлесіміз Ернұр Айдарханов салды. Жүлде қоры 350 000 теңге және “Өгіз өлді” белбеуіне Ернұр ие болды.

Қазақтың ұлылығы мен даналығын бүкіл әлемге паш ететін мәдениеті мен салт-дәстүрі болса, соның ең бастысы ұлттық спорт ойындары екені даусыз. Болашақта да өтетін байрақты бәсекелерден жерлестерімізге алдағы уақытта тек жеңіс тілейміз.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ