Су қоймалары бақылауда

Биылғы қыстың ерекшелігі, қардың шамадан тыс түсуі көктемгі су тасқынына да себепші болуда. Осыған орай облыстық құзырлы мекемелер табиғат тудыратын төтенше жағдайларға қызу әзірленуде.

Бұл бағытта әсіресе су көздері – бөгеттер мен өзендерден келер қауіп зор. Еріген қар суы мол түсетін су көздері жайылып кетсе маңындағы елді мекендерді су басуы сөзсіз. Сол үшін өзен, көлдердің жағалауын биіктетіп, суағарларды тазалау қажет. Ал, мұндай қаупі бар су көздері Ұлытау облысында жоқ емес. Мәселен, облысымыздағы Шалғия су қоймасы мен Манақа бөгеті және Жезді өзені осындай ықтимал су көздеріне жатады. Сол үшін аталған бөгеттер мен өзендер аумағында кезекшілік жұмыстары ұйымдастырылып, су тасқынының алдын алу шаралары жүргізілуде. Бұл бағытта былтыр Шалғия мен Манақа су нысандарын күрделі жөндеуден өткізген мердігер ұйымның және жаңадан құрылған «Ұлытау су қоймалары» КМҚК-ның 2 экскаватор, 3 дана жүк көлігі, 10 адам су қоймаларын бақылауда ұстап отыр.
Айта кетейік, қазіргі таңда Ұлытау ауданы Жезді кенті арқылы өтетін Жезді өзенінің 2 шақырым ұзындығына да санация жұмыстары жүргізілуде.

Аманкелді АҚШАЛ.