Облыс төрінде 22-23 қыркүйекте студент жастардың арасындағы облыс әкімінің кубогына арналған облыстық спартакиада өтті. Бұқаралық спорттың 8 түрінен қатысқан спортшылардың арасынан бәсекеге біздің де жерлестер қатысып қайтты.
Жалпы бұл бәсекенің басты мақсаты – спорттың бұқаралық түрлерін жаппай насихаттау және дамыту. Сондай-ақ, жастар арасында дене шынықтыру мен спортты насихаттау. Қаражал қаласының атынан Қаражал тау-кен техникалық колледжінің студенттері 4 спорт түрінен: волейбол, дойбы, шахмат және асық ату спортына барлығы 18 адам қатысты. Жас жерлестеріміз намысты қолдан бермей, жүлделі орындармен спортшыларымыз еңселі елге абыроймен оралды. Айта кетсек, асық ату мен дойбыдан 3 орынды қанжығаласа, шахматтан 2 орынға ие болды.
Өңірімізге бір емес, бірнеше жүлделі орынмен оралған спортшыларымыздың әлбетте, тақымын қысқан жаттықтырушыларының еңбегі зор. Дәл осындай бұқаралық спортымызды әспеттеудің маңызы жоғары екені анық.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ