АЭС. Референдум. Осы екі мәселе бүгінде елдің аузында жүр. Бірі қолдау білдіруде. Енді бір тарап оның зиянды тұстарына алаңдаулы. Осындай алмағайып тұста елді үрейге емес үмітке үндеу қажет-ақ. Осы мақсатта жер-жерлерде АЭС салуды қолдау жөніндегі арнайы штабтар құрылып, АЭС-тің мүмкіндіктерін түсіндіруде. Сондай бір алқалы жиынды Ұлытау облыстық халықтық штабы да өткізді.
Штабтың алғашқы отырысын ашқан оның төрағасы Бауыржан Шыңғысов Қазақстанның бүгінгі таңда электр энергиясының тапшылығын сезініп отырғанын атап өтті, сондықтан осының бір шешімі ретінде АЭС құрылысын қолдау маңызды екеніне тоқталды.
– АЭС салудағы ең басты қажеттілік – электр энергиясы тапшылығын шешуден болып отырғаны белгілі. Алайда, оны салу – бір күннің мәселесі емес. Жобаны іске асыру он жылды, тіпті, одан да көп уақытты алады. Бәріңіз де экономикасы дамыған, болашағы зор, қуатты да тәуелсіз Қазақстанда өмір сүргілеріңіз келетіні сөзсіз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың да көздегені – осы. Қазіргі қолға алынып жатқан істер, ең алдымен, сіздер үшін жасалып жатыр. Ендеше, батыл шешім қабылдайтын уақыт жетті. Олай болса, алдағы референдумда АЭС салуға қолдау көрсетіп, өз болашағымыз үшін дұрыс таңдау жасауымыз қажет. Біз елге осыны түсіндіруіміз керек, – деді Бауыржан Қабденұлы.
Жиында штабтың басты мақсаты егжей-тегжейлі сөз болды. Бауыржан Қабденұлы штабтың құрамында 6 саяси партияның және 20-ға жуық қоғамдық ұйымдардың өкілдері, барлығын қосқанда 65 мүшесі бар екенін айтып өтті. Аталған ұйымдар 6 қазанда өтетін атом электр станциясын салу бойынша референдумға дейін АЭС салу қажеттігін қолдай отырып, өңірлерде халықпен кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Бұндай штаб алдағы күндері облыс бойынша барлық қала, аудандарда құрылып, тұрғындармен кездесулер өткізеді.
Ізтай БеЛГІБАЙҰЛЫ