ЕКІ ЕЛ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ өңіріміздің өрістеуіне оң ықпал етеді

Аптаның басында аймағымызға Ресей Федерациясы Новгород облысының губернаторы Андрей Никитин бастаған делегация жұмыс сапарымен келді. Ресейлік меймандар облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлымен кездесіп, арадағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-мәдени салаларды дамыту мәселелерін талқылады.

Орайы келгенде айта кетейік, 2022 жылы Ұлытау облысының әкімдігі мен Новгород облысының Үкіметі ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойған болатын. Ал, өткен жылдың қыркүйегінде Астанада өткен INNOPROM QAZAQSTAN форумында 2023-2025 жылдарға арналған арнайы Жол картасын жасасты. Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жол картасын жүзеге асыру – өңірдің экономикалық көрсеткішін өндірістен өзге де салалар арқылы ұлғайтуға жол ашатынын жеткізді.
Жиын барысында Ұлытау облысының әкімі ресейлік кәсіпкерлердің инвестор болып, жаңа құрылған өңірдің дамуы үшін ықпал етуіне ұсыныс білдірді.

– Қос облыс арасындағы ынтымақтастықты білдіретін маңызды құжат аясында биыл мамыр айында біз экономикалық әл-ауқаты жоғары облыстарыңызда болып, бірқатар нысанның жұмысымен танысқанбыз. Ал бүгінгі сіздердің сапарларыңызды әріптестіктің жалғасы деп білемін. Біздің облыста халықтың басым көпшілігі өндіріс пен өнеркәсіп орындарында қызмет етеді. Сәйкесінше, өңір экономикасының көрсеткіші «Қазақмыс», «Кармет», «Казцинк» сынды ірі компаниялардың жұмысына тікелей байланысты. Сонымен қатар, мемлекет оңтүстік пен солтүстікті байланыстыратын республикалық трассалардың құрылысына аса мән беріп отыр.
Нәтижесінде тауар айналымы артып, туризм дамиды. Осы орайда сіздердің жергілікті кәсіпкерлеріңізді инвестор болуға шақырамыз, – деді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде.
– Облыстарды дамытуда Новгородтың да, Ұлытаудың да алға қойып отырған мақсаты ұқсас. Мәселен, өңірге білікті кадрларды тарту, мамандарға жағдай жасап, барынша ұстап қалу, оларды жұмыспен қамту – біздің өңірде де өзекті. Жол картасының жүзеге асырыла бастауы мені қатты қуантады. Осылайша біз, білім, мәдениет саласын дамыту, әлеуметтік бағыттағы мәселелерді шешуде тәжірибе алмасамыз, – деді Новгород облысының губернаторы Андрей Никитин.
Ұлытау облысына арнайы келген ресейлік делегация сапар барысында Жезқазған мыс балқыту зауытына, «Ютария» тігін фабрикасына, «Казтехфильтр» кәсіпорнына барып жұмыс қарқынымен танысты.
Жезқазған мыс балқыту зауыты – әлемдегі мыс өндіруші ондыққа кіретін үздік орын. Негізгі өнімі – тазартылған мыс. Шикізаттан мысты өрескел мыстан алу бойынша зауыт әлемдегі ең үздік бестікке кіреді. Сапасы бойынша тазартылған мыс құрамында 99,99% мыс бар және әлемдік талаптарға сәйкес келеді.
Жезқазған мыс балқыту зауытына қарасты «Казкат» өндіріс орнында 8,16,18 мм. болатын кабельдік өткізгіш сымдарды шығарумен айналысады. Бұл – мысты сымдар өндіретін Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын. 1994 жылдан бері жұмыс істейді. 100-ге жуық адам жылына 50 000 тонна өнім шығаруға қызмет етіп келеді.
«Ютария» тігін фабрикасында 300-ден астам қызметкер бар. Кәсіпорындарға, әскери, медициналық қызметкерлерге арналған арнайы киім, тоқыма және трикотаж бұйымдарын өндіреді.
«Казтехфильтр» ЖШС өнімдері – қозғалтқыштарға арналған ауа, май және отын сүзгілері. Оларды өндіру барысында жоғары сападағы сұрыптаушы материалдар пайдаланылады. Компания Scania, Iveco, Man, Liebherr, Hitachi, Komatsu, Daf, Mercedes, Caterpellar, Volvo сынды техникаларға өнім беріп отыр. Тұтынушылары «Қазақмыс» корпорациясы, «Восход – Oriel» ЖШС, «Костанайские Минералы» ЖШС, «Шұбаркөл көмір» ЖШС.
Делегация өкілдері жұмыс сапарының соңында «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінде, Жошы хан кесенесінде болып, 800 жыл бұрын құрылған ұлы ұлыстың тарихымен танысты.
– Ұлытау облысымен біздің өңір арасындағы ынтымақтастық негізінен білім, мәдениет, спорт, экономика саласындағы бағыттарды дамытуды қамтиды. Десе де өндірісті мекен болғаннан кейін, кәсіпорындарды да қарауды жөн санадық. Шынын айтсақ, таң қалып тұрмыз. Себебі, мұндай өндірісі тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған жердің болашағы алда, –деді Новгород облысының губернаторы Андрей Никитин жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ