Шексіз құрметтің көрінісі

7 мамыр – Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күні. Бұл – тәуелсіз еліміздің қорғаныс қабілеті бар екенін дәлелдейтін, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуші азаматтарға деген шексіз құрметтің көрінісі ретінде қалыптасқан мереке. Бұл күн – мемлекетіміздің, қоғамымыздың және әрбір қазақстандықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтауға өз үлесін қосып жүрген жауынгерлер мен ержүрек азаматтардың еңбегі бағаланатын маңызды күн.

Сондықтан да, бұл күн Қаражал қаласы үшін ерекше мәнге ие – қаламыздың орталық алаңында айрықша салтанатпен аталып өтті.

Апта басында өткен мерекелік шара «Ұландарым – қырандарым» атты салтанатты жиынмен басталды. Сонымен қатар, жас ұрпақты ерлікке, отансүйгіштікке баулитын «Жас Ұлан-2025» әскери-патриоттық ойыны өткізілді.

Шараның шымылдығы Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету рәсімімен ашылып, Әнұранымыз асқақтай шырқалды. Бұдан кейін сахна төріне көтерілген Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап, жүрекжарды тілегін білдірді. Ол қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүрген азаматтарды марапаттауды бастап кетті.

Марапат иелері қатарында – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің Қаражал қалалық басқарма қызметкері Нұрбол Ахмырза, Қорғаныс министрлігіне қарасты Қаражал қаласының қорғаныс істері бөлімі басшысының көмекшісі Бегзат Төлепбекова, сондай-ақ, мерзімді және әскери емес қызмет бөлімінің басшысы Кристина Каримова бар. Сонымен бірге, Ұлытау облысы көлемінде өткен «Айбын-2025» әскери-патриоттық оқу-жаттығу жиынында ІІІ орын иеленген «Арлан» командасы да құрметке бөленді.

Қазақ халқы үшін отансүйгіштік – ежелден бері ұлттың бойындағы биік қасиет. Сол себепті 7 мамыр – ата-бабаларымыздан жалғасқан жауынгерлік дәстүрдің заңды жалғасы деп айтуға толық негіз бар. «Отан – оттан да ыстық» деген дана сөздің түп мағынасы осы мерекеде тереңінен сезіледі. Отанды қорғау – әрбір азаматтың қастерлі парызы мен борышы.

Мерекелік шара Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Жас Ұлан-2025» қалалық әскери-патриоттық сайысымен жалғасты. Іс-шараны ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Қаражал қаласының қорғаныс істері бөлімінің бастығы, подполковник Арман Мақажанов құттықтау сөзімен ашып, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдерін марапаттады.

Олардың қатарында: №1 мектептен Мейірман Серікбаев, №3 мектептен Қаныбек Садықов, №7 мектептен Айдын Торғайбеков және №30 мектептен Жанат Зейнуллин бар.

Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында ұйымдастырылған сайысқа аймақтың 7 командасы қатысты. Олар: тау-кен техникалық колледжі мен №1, 3, 7, 10, 30 жалпы білім беретін мектептердің оқушылары.

Қазылар алқасы құрамында қала әкімінің орынбасары Досбол Құлымбетов, Қаражал қаласының қорғаныс істері бөлімінің бастығы, подполковник Арман Мақажанов және қалалық полиция бөлімінің басшысы, подполковник Алмас Жақаев төрелік етті.

Сайыс нәтижесінде №3 мектептің командасы І орынды жеңіп алды. ІІ орын – №1 мектеп командасына, ал ІІІ орын – №7 мектептің еншісіне бұйырды.

«Үздік командир» атағы №3 мектеп оқушысы Алдияр Имангазинге берілді. Ал, «Үздік мерген» атағына №30 мектептің оқушысы Әділ Жамбеков пен №1 мектеп оқушысы Аружан Олжабай лайық деп танылды.

АК-74 қаруын бөлшектеу мен жинақтауда №1 мектеп оқушысы Назерке Қалжан шапшаңдық танытып 1 орынды иеленді. Ал, №3 мектеп оқушысы Анет Төлеков те қалыспай ерекше өнер көрсетіп, 1 орынды жеңіп алды.

Барлық жеңімпаздар кубоктармен, дипломдармен, медальдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні еліміздегі патриоттық рух пен жауынгерлік дәстүрді ұлықтайтын маңызды мерекелердің бірі. Қаражал қаласында бұл күн кең ауқымда аталып өтіп, Отан қорғауда аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға және болашақ сарбаздарды тәрбиелеп жатқан ұстаздарға зор құрмет көрсетілді.

«Жас Ұлан-2025» әскери-патриоттық сайысы жас ұрпақтың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, ерлікке, табандылыққа баулуға үлкен серпін берді. Мұндай іс-шаралар елдің қорғаныс қабілетін нығайтып қана қоймай, өскелең ұрпақ бойына отансүйгіштік қасиетті дарытуда шешуші рөл атқарады.