Дүйім дүниенің, жалпақ жалғанның бар асылын, бар ғаламатын сыйласақ та, әйел затының алдындағы қарызымыз өтелмес. Ана – жанымыздың бір бөлшегі іспетті. Әйел – сырласымыз. Қиналғанда, қуанғанда есімізге ең алдымен абзал ана, аяулы жар түседі.
Аналарды құрметтеу адамзат баласына ортақ парыз дегенімізбен, олардың қоғамдағы орны мен сый-құрметін әр мемлекет өзінше айқындайды. Қазақ халқында «қыз – жат жұрттық» деп бағаланып, бұрымдылар дүниеге келгеннен бастап ерекше қамқорлыққа бөленеді. Ертеден әйел – отбасының ұйытқысы, ол отбасында ғана емес, жалпы қоғамда да бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы саналады. «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген де соны білдірсе керек.
Қазіргі таңда әйелдердің қоғамдағы рөліне жіті назар аударылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірқатар бастамалары әйелдер құқығын кеңейту, ана мен баланы қорғау мәселелеріне арналады. Елімізде 2030 жылға дейін «Отбасылық және гендерлік саясат» тұжырымдамасына әйелдердің қоғамдағы құқықтары мен мүмкіндіктерін көтермелеу және ілгерілету бөлігінде өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Нәзікжандылар әртүрлі қызметте жүріп, марапат алып, ер-азаматтардан кем белсенділік танытып отырған жоқ. Олар тек отбасы төңірегінде ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік қызметте, бизнесте, денсаулық сақтау мен білім-ағарту жүйесінде, өзге де салаларда жемісті жұмыс істеуде. Сонау қиын-қыстау кезеңдерде елдің еңсесін көтеруге атсалысудан бастап, бүгінгідей әлемге танылып, бәсекеге барынша қабілетті мемлекет болуға ұмтылып отырған заманда да әйелдер қауымының қосқан үлесі шексіз. Олардың соңғы уақытта қоғамдық жұмысқа етене араласуы байқалып, саяси қызметтерде өсуі бекіді, мемлекеттік қызметте де нәзікжандылардың үлес салмағы айтарлықтай артып келеді. Арулардың жеткен жетістіктері қаламызға тың дем беруде.
Осыған сәйкес, біздің өңірдегі ауқымды шаралардың бірі «Ару ғұмыр» байқауы биылғы жылы да форматын өзгертпей, өз дәрежесінде өтті. Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өтетін дәстүрлі байқауды қала жұртшылығы қызыға тамашалады.
Ұлттық бітім-болмыстағы сахналық қойылыммен басталған бағдарлама қала әкімі Тілектес Досаевтың марапаттап, статуэтка тапсыруымен жалғасты.
Алғашқы кезекте – «Асыл ана» номинациясы. Оған үздік отбасылық және бала тәрбиелеу дәстүрлерін сақтап, дамытатын, отбасының қоғамдағы мәртебесін арттыруға ықпал ететін әйеланалар еленетін бұл аталымға ұлағатты ұл, тәрбиелі қыз өсірген асыл ана, аяулы жар, ардақты әже Бағила Самаева лайық деп танылды.
Келесі номинация мамандық атаулының төресіне берілді. «Білім нұры» номинациясының иегері болып №7 жалпы білім беретін мектептің ұстазы Назым Дәулетбаева танылды. Ол – оқушылары облыстық, республикалық олимпиадалардан жүлдемен оралған білімді ұстаз, білікті маман.
Одан кейінгі марапат біліммен қатар жүректегі батылдық пен төзімді қажет ететін мамандыққа бұйырды. «Шипалы алақан» номинациясында Назым Жетімекова жеңімпаз атанды. Ол 35 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман, педиатр-дәрігер.
Бұдан әрі номинацияларды табыстау үшін сахнаға Қаражал қаласының Құрметті азаматы, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мешітбай Омар шақырылды. Ол өз кезегінде Өндіріс саласының үздіктеріне марапаттарын тапсырды.
Өңірдің екі үлкен өндіріс ошағына бірдей берілетін «Өндіріс саласының үздігі» номинациясында Жәйрем кен-байыту комбинаты басқару тетігінің операторы Ләззат Мұқанованың мерейі үстем түсті. Ол – өз ісінің кәсіби маманы. Сонымен қатар, дәл осындай марапатқа «Өркен Атасу» өкілдігінің өндіріс диспетчері, «Күміс алқа» иегері Қорлан Бұхарбаева ие болды.
Келесі кезекте Қаражал қаласының прокуроры Дархан Хасенов «Іскер әйел» номинациясын табыстады. Бұл аталым мемлекеттік қызметтегі аруларға арналған. Оған сот саласының үздігі, 40 жылға жуық еңбек өтілі бар маман Жанар Смайылова лайық деп танылды.
Осы қарқында «Адал қызмет» номинациясы да өз иегерін тапты. Өңірде халыққа қызмет етіп жүрген нәзікжандылар аз емес. Солардың ішінде Архив ісі саласында 38 жыл еңбек етіп келе жатқан білікті қызметкер Зәмзагүл Сыздықованың есімі ерекше аталып, марапатталды, тиісті статуэтка тапсырылды.
Келесі номинация иегерлері өздерін батырмын, не сиқыршымын деп санамайды. Бұл номинация – өзгелерден ерек. Тек мұнда олар жүрек қалауымен жомарт жанға айналады. Өйткені, алтын жүректерінде қайырымдылыққа деген ерекше орын бар.
«Алтын жүрек» номинациясымен Жанар Алиева марапатталды. Жанар ханым 2016 жылы жеке ісін ашқан, нан өнімдерін дайындайды. Әр апта сайын «Берекелі жұма» акциясына қатысып, аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты зейнеткерлерге тегін нан таратады. Жанар Шеруқызы – қаладағы қоғамдық істерге белсене қатысып, барлық қайырымдылық шаралардың бел ортасында жүруге пейілді жан.
Әрі қарай аруларды марапаттау үшін сахнаға қалалық мәслихат депутаты, Олимпиадалық резервтегі дзюдо мектебінің директоры Артем Ким шақырылып, тиісті марапатты «Sport lady» номинациясы бойынша топ жарған Айым Құлатаеваға тапсырды. Мерейлі жан дзюдо күресінен жаттықтырушы болумен қатар, өңірдің барлық қоғамдық-саяси іс шараларынан қалыс қалмай келеді.
Мәдениет саласы – жеке адамның өзіне тән қасиеттерінен бастау алып, ұлттық сана, дүниетаным, салт-дәстүр, рухани байлықты қамтитын сала. «Мәдениет жұлдызы» номинациясы бойынша осы салада 27 жыл еңбек өтілі бар маман үздік деп танылды. Гаухар Нұрланова алғашқыда Жәйрем кентінің мәденисауық орталығына көркемдік жетекші болып қабылданған, қазіргі таңда әдіскер болып қызмет атқарады. Облыстық, республикалық байқаулардың жүлделі орындарына ие болған жезтаңдай әнші.
Бүгінде әйелдердің отандық бизнестің дамуына қосқан үлесі өте зор. Осы кезекте «Business women» номинациясына кілемді арнайы жабдықпен тазалау бойынша қызмет көрсетуді жүзеге асырып, кәсібін бастағалы аз уақыт өтсе де қайырымды істерге де атсалысып жүрген Аяулым Ондырханова ие болды.
Кеш мәдени-сауық орталығының өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Бүгінгі әйел бейнесі – іскерлік, басшылық сынды ерекшелікпен толыққан. Олар бала тәрбиелеп қана қоймай, кәсіп ашып, оны дамытуға қабілетті. Бүгінгі қыз-келіншектердің жетістікке жетіп, биік белесті бағындыруға білімі мен білігі жеткілікті.
Аруларды атаулы мерекеде ғана емес, жылдың 365 күнінде де құрметтесе, артық болмасы анық.
Жазира МҰХИДИНОВА.