Маңызды мәселелер талқыланды

Мәслихат хатшысы Зәмзагүл Оспанованың тізгін ұстауымен өткен қалалық мәслихаттың кезекті XII сессиясында біршама маңызды мәселелер талқыға түсті. Депутаттардың басты жиынына қала әкімі Тілектес Досаев, мемлекеттік мекемелер басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Мандат иелері алғашқы кезекте күн тәртібіндегі «Қаражал-Жәйрем өңірінің денсаулық сақтау саласының жағдайы оны болашақта дамыту туралы» мәселе бойынша қалалық орталық ауруханасы басшысының міндетін атқарушы Асан Кабуловтың хабарламасына құлақ түрді.

Салаға жауапты тұлға тұрғындар денсаулығын сақтаудың бүгінгі ахуалы туралы кең сипатты мәліметтерді алға тартты. Оның сөз саптауынан аталған бағытта ілгерілеу үрдісі бар екендігі аңғарылды. Ең бастысы, мамандар тарту және оларға қолайлы тұрмыстық жағдай тудыру мақсатты әрі пәрменді түрде қолға алына бастаған.

– Денсаулық сақтау ұйымының Жол картасы бойынша барлық индикаторлар орындалуда. Десек те, кадрлар жетіспеушілігі әлі де байқалады. Алайда оны оңтайлы шешу жұмыстары жүргізілуде. Жақында Шымкент қаласында өткен «Мамандар жәрмеңкесіне» барып, 4 жас маманмен келісім-шартқа қол қойдық. Олар биылғы қыркүйек айында келіп, қызметке кірісуі тиіс, – деді Асан Құлтайұлы.

Оның айтуынша, жас мамандарға жуырда ғана қолданысқа тапсырылған тұрғын үйден пәтерлер беріледі. Сонымен қатар, ай сайын еңбекақыларына қосымша негізде 100000 теңге төленетін болады. Аурухана ғимаратын жөндеу жұмыстары толық аяқталғаны – ілгері басудың тағы бір жарқын айғағы.

Сессияда жоғарыдағы мәселеге қатысты Жәйрем кенті ауруханасының басшысы Серік Орынбасаровтың хабарламасы да тыңдалды.

Бұдан кейін Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов пен Шалғы кентінің әкімі Төлеген Ерденов өздеріне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындау туралы есеп берді.

Сондай-ақ, депутаттардың басты жиынында қарастырылуы көзделген тақырыптық мәселеге орай, қалалық пробация қызметі бөлімінің бастығы Жанат Құспанов баяндады.

Сессияда қалалық Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы бекітілді.

Сонымен қатар, қалалық мәслихат депутаты Нұридин Атажановтың басқа өңірге қоныс аударуына байланысты өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, оның орнына Жәйрем кентіндегі №10 мектептің мұғалімі Фазыл Нұғыманов мандат иегері атанды.

Жиын түйінінде Тілектес Темірбекұлы Қоғамдық кеңестің бұрынғы мүшелеріне ризашылығын білдіріп, Алғыс хаттар тапсырды.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ.