Сессия отырысы өтті

Ағымдағы жылдың 30 наурызында Қаражал қаласы әкімдігінің үлкен залында VIII шақырылған Қаражал қалалық мәслихатының І ұйымдастыру сессия отырысы болып өтті.

Қалалық мәслихаттың І сессиясын Қаражал қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Саутбаева ашып, наурыз айының 19 жұлдызында болып өткен сайлауда жеңіске жеткен депутаттарды шын жүректен құттықтай отырып, алдағы уақытта ел игілігі үшін аянбай еңбек етулеріне тілегін білдірді. Сөз басында:

– Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев былтырғы Жолдауында: жаңарған Ата заңымыз әділ, әрі ашық ережелері бар саяси жүйенің мүлде жаңа стандарттарын енгізіп, саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдеп, Парламент пен мәслихаттарды партиялық тізім және бір мандатты округ бойынша жасақтаудың тың тәсілдері іске қосылғанын атап айтқан болатын. Биылғы сайлау сол жаңа тәсілмен өтті, — деп ескерді сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Советқызы.

Сессия жұмысына қала әкімі Тілектес Досаев, қала әкімінің орынбасарлары, қала әкімі аппаратының басшысы, қоғамдық кеңестің төрағасы, БАҚ өкілдері және 2023 жылдың 19 наурызында сайланған 11 депутат түгелдей қатысты. Әрі қарай қалалық мәслихаттың VIII шақырылымының І сессиясының ұйымдастырушылық жұмысын қамтамасыз ету мақсатында сессияның жұмыс органдары сайланды. Сессия жұмыс органдарын сайлау нәтижесі бойынша секретариат құрамы және оның басшысы болып қалалық мәслихат депутаты Арынғазы Такибаев, ал мүшелері болып – қалалық мәслихат басшысы Жанат Сатанов пен қалалық мәслихат депутаты Данияр Жақсыбеков бекітілді. Ал санақ комиссиясының құрамына келсек, басшысы болып қалалық мәслихат депутаты Айгүл Мауленина сайланса, қалалық мәслихат депутаттары Жұмакүл Ахметова мен Аслан Сүлейменов мүшелері болып тағайындалды. Сонымен қоса, сессияның редакциялық комиссиясы құрамы да бекітілді. Басшысы — қалалық мәслихат депутаты Марлан Шамбулов, мүшелері — қалалық мәслихат депутаттары Берік Шікіров пен Айтуған Охан болды.

Енді күн тәртібінде қаралған мәселелерге келетін болсақ, мұнда, қалалық сайлау комиссиясының хабарламасы туралы, қалалық мәслихаттың төрағасын сайлау, қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларын құру туралы, қалалық мәслихаттың бюджет, экономика, өндіріс және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының құрамын және төрағасын сайлау, қалалық мәслихаттың әлеуметтік сала, құқық қорғау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия құрамы мен төрағасын сайлау, «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясын тіркеу, қалалық мәслихаттың ІІ сессиясының редакциялық комиссиясы туралы мәселелер қаралды.

Сонымен, бірінші мәселе бойынша сөз кезегі қалалық сайлау комиссиясының хатшысы Алтынай Күлмағамбетоваға беріліп, баяндама тыңдалды. Баяндама нәтижесіне сәйкес, қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Саутбаева жаңадан сайланған депутаттарға қалалық мәслихат депутаты куәлігі мен төс белгілерін табыстады. Ал екінші мәселе бойынша, Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы сайланып, «AMANAT» партиясының Қаражал қаласы филиалының саяси кеңесі бюросының отырысында және депутаттар өкілдерінің жиналысында Қаражал қалалық мәслихатының төрағасын сайлауды ашық дауыс беру арқылы өткізу келісіліп, сонымен қатар бұл лауазымға №1 сайлау округінің депутаты Зәмзагүл Оспанованың кандидатурасы ұсынылған болатын. Күн тәртібінде қаралып, ашық дауыс беру нәтижесінде Зәмзагүл Қажымұқанқызы Оспанова Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы болып сайланды.

Келесі мәселе — қалалық мәслихаттың бюджет, экономика, өндіріс және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының құрамына Айгүл Мауленина, Аслан Сүлейменов, Арынғазы Такибаев, Данияр Жақсыбеков, Нұрбек Кульжанов сынды депуттатар бекітілсе, төрағасы болып Айгүл Мауленина сайланды. Ал, қалалық мәслихаттың әлеуметтік сала, құқық қорғау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия құрамына келесі депутаттар: Марлан Шамбулов, Жұмакүл Ахметова, Гаухар Наурызбаева, Берік Шікіров, Айтуған Охан бекітілді және төрағасы болып Марлан Шамбулов тағайындалды.

Кезек депутаттық фракциясын тіркеуге де келіп жетті. Депутаттық фракцияның құрамы төмендегідей бекітілді: Жұмакүл Ахметова, Данияр Жақсыбеков, Гаухар Наурызбаева, Айтуған Охан, Айгүл Мауленина, Нұрбек Кульжанов, Арынғазы Такибаев және Марлан Шамбулов.

Күн тәртібінде қаралған соңғы мәселе қалалық мәслихаттың ІІ сессиясының редакциялық комиссиясын бекіту. Мұнда қалалық мәслихат депутаты Айгүл Мауленина басшы болып, ал мүшелері — қалалық мәслихат депутаттары Жұмакүл Ахметова, Арынғазы Такибаев және Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Досбол Құлымбетов тағайындалды. Күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып болған соң Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаев VIII шақырылған Қаражал қалалық мәслихатының І ұйымдастыру сессиясына қорытынды баяндама жасап, жаңадан сайланған депутаттарды құттықтай отырып, алда атқаратын жұмыстың әлдеқайда көп екендігіне баса назар аудару керектігін атап өтті.

Балшырын АМАНТАЙ