Сайлау – демократияның негізгі принципі

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы мемлекеттік билікті ұйымдастырудың негізгі қағидаты ретінде ерікті сайлауды, ал егемендікке ие әрі мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі — халық екенін анықтады. Қазақстан Республикасы — президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет.

Демократиялық сайлау – бұл бәсекелі, мерзімді және өкілдік сайлау, оның процесінде кең еркіндікке ие азаматтар билік құрылымдарына өздерінің өкілдерін балама негізде сайлайды. Бәсекелі сайлау сайлауға түрлі партиялардың және кандидаттардың қатысуына кепілдік береді. Олардың барлығы сөз, жиналыс, қозғалыс бостандығын, олардың саяси көзқарастарының естілуі үшін және олар сайлаушыларға балама кандидаттарды ұсына алуы үшін қажеттінің барлығын пайдалана алады. Қазақстан Республикасының заңнамасы сайлаудың мерзімділігін, билік органдарында елдің әртүрлі әлеуметтік топтарының өкілдігін қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабы Қазақстан Республикасының он сегiз жасқа жеткен азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысу құқығына кепілдік береді. Сайлауға сот iсәрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқы жоқ.

Қазақстан беделді халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі бола отырып, өзі қабылдаған ерікті және бәсекелі сайлау өткізу жөніндегі барлық міндеттемелерді ұстанады. Мемлекет басшысын сайлау және Қазақстан Республикасының Парламентін, сондай-ақ жергілікті өкілді органдарды құру біздің елімізде ұлттық заңнамаға және Жалпыға бірдей адам құқығы декларациясына (1948 ж.), Халықаралық азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіге (1966 ж.), Еуропалық адам құқығы мен негізгі бостандықты қорғау туралы конвенциясына (№1 Хаттама, 1952 ж.), ЕҚЫҰ-ның Копенгаген кеңесінің құжатына (1990 ж.) енгізілген демократиялық сайлаудың жалпыға танымал принциптеріне сәйкес ашықтық және жариялық жағдайларында өтеді.

Сайлау және сайлану құқығы 1995 жылғы қыркүйекте қабылданған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда реттелген.

Жыл сайын ақпанның алғашқы бейсенбісінде барлық елдерде 2005 жылы Будапештте (Венгрия) өткен сайлауды ұйымдастырушылардың жалпы конференциясында сайлау органдарының кәсіби мерекесі ретінде белгіленген және Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдаған Дүниежүзілік сайлау күні атап өтіледі. Биыл мереке 3 ақпанға сәйкес келіп отыр. Облыстық сайлау комиссиясының бастамасы бойынша 2022 жылдың 4 ақпанында Қазақстан Республикасының сайлау жүйесі мен сайлау құқығын насихаттауға бағытталған «Қазақстан Республикасының сайлау жүйесінің дамуы» тақырыбында «Дүниежүзілік сайлау күні» облыстық акциясы басталды.

Акцияның мақсаты — сайлау жүйесінің дамуы мен қалыптасу кезеңдері туралы қоғамды ақпараттандыру және сайлаушылардың электоралдық белсенділігін қалыптастыру, жас сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға бейімділікті қалыптастыру.

Қаражал қалалық сайлау комиссиясы Дүниежүзілік сайлау күніаясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды. Тау-кен техникалық колледжінің студенттерімен «Қазақстан Республикасының сайлау жүйесі»тақырыбында кездесу өткізіліп, жас сайлаушыларға сайлауды өткізу мен ұйымдастыру сұрақтары бойынша толыққанды мағлұмат берілді. Жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларымен «Мектеп Президентінің сайлауы» атты әңгімесұхбаты, «Сенің сайлау құқығың» тақырыптық сынып сағаттары өтті. Қаражал қаласы әкімдігінің сайтындажас сайлаушыларға құқықтық білім беру мақсатында «Жастар таңдайды» бөлімі ашылған. Акция аясында жастарға сайлау құқығы және процесі туралы сұрақтары бойынша ақылкеңес берілді.

Күні бүгін жұмыс атқарып отырған қалалық аумақтық сайлау комиссиясы 2019 жылы құрылды. Комиссияда 7 мүше еңбек етеді. Комиссия төрағасы мен хатшысы кәсіби негізде жұмыс істейді. Қалғандары қоғамдық негізде еңбек етеді. Сондай-ақ сайлауды жүзеге асыру үшін қалада 15 сайлау учаскелері құрылған: Қаражал қаласында 8, Жәйрем кентінде 6, Шалғия кентінде 1 сайлау учаскесі бар. Сайлау комиссияларының мүшелерін қоғамдық ұйымдар мен партиялардың ұсынуымен қалалық мәслихат жасақтайды және 5 жылға сайланады.

Сайлауды ұйымдастыру және өткізу саласындағы мамандар Дүниежүзілік сайлау күнін белгілей отырып, азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау процестерін жақсарту проблемасына жұрттың назарын аудару мақсатын көздеді. Осы күнді өткізудің басты міндеттері – қоғам санасында демократияландыру процесінің қайтымсыздығын бекіту, сайлау процесіндегі жетістіктер туралы жұртшылықты хабардар ету және жас сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға бейімділікті қалыптастыру.

Гүлнар САУТБАЕВА,

Қаражал қалалық сайлау комиссиясының төрайымы.