Қазақстан президентін кезектен тыс сайлау 2022 жылдың 20 қарашасында өтеді. Дәл осы күні Катарда футболдан әлем чемпионаты басталады.
Соған байланысты Halyq Uni елдің сыртқы істер министрлігінен қазақстандық жанкүйерлер қай жерде дауыс бере алатынын сұрады.
Министрліктің хабарлауынша, Қазақстанның Катар мемлекетіндегі елшілігінің жанынан №280 сайлау учаскесі құрылды.
Оның мекенжайы – Doha, AlDafna, Zone 66, Saha str., build 93, P.O.Box 23513. Байланыс нөмірі – (+974) 44128015, 44110527.
«Белсенді сайлау құқығы бар, тиісті шет мемлекетте тұратын немесе жеке, қызметтік, оқу, іскерлік пен туристік мақсатпен жүрген ҚР азаматының жарамды паспорты бар азаматтар сайлауда дауыс бере алады. Олар сайлау учаскесі құрылған Қазақстанның дипломатиялық немесе консулдық өкілдігіне жүгінсе болады», — деп жауап берді СІМ Halyq Uni ресми сауалына.
Сайлау учаскесі жергілікті уақыт бойынша таңғы жетіден бастап ашық болады.
Катарда жүрген Қазақстан азаматтары сол елдің 07:00-ден 20:00-ге дейінгі уақыты аралығында дауыс бере алады, — делінген ақпаратта.
Айта кетейік, сыртқы істер министрлігі Қазақстанның шетелдегі мекемелерінің жанынан 53 шет мемлекетте 68 сайлау учаскесі құрылғанын хабарлады.