Шардарада 100 түп ағаш отырғызылып, жаңа аллея ашылды

Қазақстанның Экологиялық қорының бастамасымен 27 қазан күні Түркістан облысының Шардара қаласында «Жастар» аллеясының ашылу салтанатты шарасы өтті.

Өңір экологиясына маңызы зор экошара барысында 100-ден астам ағаш түбі отырғызылып, шағын сәулеттік пішін орнатылды.

Биылғы Балалар жылына арнайы орнатылған шағын сәулеттік пішін келер ұрпақ санасында экомәдениет қалыптастыру кемел болашағымыздың кепілі дегенді білдірсе керек. Себебі қазіргі тәрбие – ертеңнің көрінісі, ал ол көріністің қалай болары сіз бен біздің қолымызда.

Аллеяның дәл осы өңірде ашылуы кездейсоқ емес. Шардара – Арал өңірінің қазақстандық бөлігінің экологиялық қолайсыз аумағында орналасқан қала. Ал көшеттері бар аллея тұрғызу арқылы аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға, қала тұрғындарының денсаулығын сақтау және нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасауға, қаланың экологиялық жағдайы мен эстетикалық келбетін жақсартуға, экологиялық мәдениет пен экологиялық сананы тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

Аллеяның ашылу салтанатына Шардара қаласы әкімдігінің өкілдері, депутаттар, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының өкілдері, Қазақстан экологиялық қорының қызметкерлері, табиғатты қорғауды мақсат тұтқан түрлі ұйымдар, жергілікті белсенді жастар мен мектеп оқушылары қатысты.

Атап өтетіні, бұл шара «Жастар арасында экологиялық мәдениетті нығайту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» гранттық жобасы аясында ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен ұйымдастырылды.