Цифрландыру – жаһандық үрдіс. Бұл үрдістен бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуды және халқының тұрмыс сапасын жақсартуды ойлаған мемлекеттердің ешбірі бас тартпайды. Қазақстан да осы елдердің қатарында. Сондықтан Мемлекет басшысы елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын енгізді. Аталмыш бағдарлама цифрлық технологияларды қолдану арқылы халықтың өмір сапасын арттыруға жол ашады.
Жуырда біз Ұлытау облыстық полиция департаменті бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары Сафуан Жампейісовке жолығып, құқық қорғау саласы, оның ішінде тергеу ісінің қолжетімжділігі, оны электорндық форматқа көшіру жайлы туралы әңгімелескен едік.
– Сафуан Әшмұханұлы, әуелі сізді жаңа облысқа қызметке келуіңізбен құттықтап қойсақ.
– Рахмет. Мен өзі нешінші рет қызмет бабымен қоныс аударғанымды ұмытып қалдым-ау деймін. Бұған дейін Қостанайда, Оралда, Астана мен Қарағандыда тергеу саласында қызметтер атқардым. Енді, міне, дәм жазып Ұлытау өңіріне де келіп отырмын. Әрине, жаңа өңірде, оның үстіне жаңадан құрылып жатқан облыста жұмыс та ауқымды. Осы сәтті пайдаланып, біз жұмысымызды да жаңаша бастауға ниет жасап жатырмыз. Ең бастысы жәбірленушімен, арыз-шағым жазған жандармен арада байланысты жаңаша ұйымдастыруға күш салудамыз. Яғни, кері байланысты дамытпақпыз…
– Сөзіңізді бөлгеніме кешірім сұраймын. Әлігінде өзіңіз айтқан «кері байланысты жандандырудың» бірден бір жолы тергеу ісін цифрландыру ғой. Жалпы, құқық қорғау саласын, оның ішінде өзіңіз басқаратын тергеу саласын электрондық форматқа көшіру жоспарда бар ма?
– Сұрағыңыз өте орынды. Жалпы, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында құқық қорғау органдары мен соттарды цифрландыру көзделген. Қылмыстық, азаматтық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер кезең-кезеңімен электрондық форматқа көшіріледі. Бұл іс біздің тергеу саласына да қатысты болмақ. Азаматтардың құқықтарын қорғау және жылдам әділ сот төрелігіне қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында «Сандық Қазақстан» бағдарламасы аясында қылмыстық сот ісін жүргізу, тергеу жұмыстары кезең-кезеңмен электрондық форматқа көшіру жүргізілуде
– Осыны ұғынықты тілде талдап айтып бересіз бе?
– Әрине, кез келген тергеу жұмысы электрондық форматта жүргізіледі. Әр тергеуші жәбірленушінің арызын, шағымын, тергеуге қажетті жауаптарын компютер арқылы жазып алады. Бәрін жазып болған соң жауап алушыға оқытады. Сосын «электрондық қалам» арқылы «менің сөзім бойынша жазылды» деп жаздырып, қол қойдырады. Шағымданушы тарапынан ешқандай өзгерту, түзету болмаса тергеуші «ОК» түймесін басып, шағымды, арызды болмаса тергеу бойынша жауапты электрондық базаға жібереді.
– Шағымданушы өзінің бұл құжатының келешек тағдырын қалай біліп отырады. Бұрынғыдай тергеушіге телефон шалып, телміріп жүре ме? Әлде…
– Қазіргі қоғамда жаңа технологияларды қолданбай кез келген саланы жетілдіру мүмкін емес. Ақпараттандыру ғасыры барлық салалардың жұмысындағы тетіктерді өзгертуді талап етеді және қылмыстық процессте осыны қажет етеді. Бұған дейін көптеген жылдар бойы қолданылған әдістер қазіргі уақытта процесті қиындатады, ал ең бастысы-қоғамның талаптарына сай келмейді. Артық бюрократиялық рәсімдерге, созбалаңға ұшыраса, адамдар әділ наразылықты білдіреді.
Осы жұмыс шеңберінде 5 өзара байланысты құрамнан тұратын «электрондық іс» енгізілуде: азаматтардың электрондық өтініштері, субъектілер мен тексеру объектілерінің бірыңғай тізілімі, әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі, электрондық қылмыстық іс, талдау орталығы.
Міне, осы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілгенде шағымданушы мен тергеуші арасында да түсінбеушіліктер болмайды деп айта аламын. Өйткені, тергеуші үш жұмыс күні ішінде шағымданушыға, жәбірленушіге электорндық форматта оның ісінің қалай жүргізіліп жатқанын жазып жібереді. Ол шағым иесіне ватсап желісі арқылы келеп түсетін болады. Жасыратыны жоқ, бұған дейін кейбір істер қысқартылып, оның нәтижесі жәбірленушіге уақытылы жетпей жатқан кездер көп болды. Енді ондай жағдай болмайды. Мен өз тергеушілеріме талап қойып, белгілі кесте бойынша арыз берушімен, жәбірленушімен кері байланыс орнатып тұруды тапсырдым. Олар іс әбден сотқа берілгенге дейінгі арадағы процестердің барлық деңгейін иесіне хабарлап отырады. Бір сөзбен айтқанда тергеу ісі де қолжетімді болады.
– Жақсы бастама екен. Жалпы, осы құқық қорғау саласын цифрландыру қашан қолға алынды? Мұның сіз айтқаннан басқа қандай пайдасы бар?
– Цифрландыру қылмыстық процестің заңдылығын қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті қамтамасызету және қылмысқа қарсы пәрменді күресті қамтамасыз ету үшін пәрменді шара болып табылады және қылмыстық процестің барлық сатыларын – қылмыстық істерді тіркеуден, тергеп-тексеруден үкімді орындағанға дейін қамтуға тиіс.
Қойылған мақсатты іске асырудың белгілі бір нәтижелері бар. 2011-2012 жылдары Қазақстанда қылмыстар туралы барлық өтініштер мен хабарламаларды электрондық тіркеу енгізілді, ал 2015 жылдан бастап сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімі іске қосылды. Бүгін оған тіркелу сотқа дейінгі тергеудің басталуы болып табылады.
Келесі кезең электрондық қылмыстық іс болып табылады. Істерді тергеудің осындай форматының артықшылықтары даусыз, бұл оңтайландыру, дәлелдемелерді жинау және іс жүргізу құжаттарын жасау рәсімдерін оңайлату, сыбайлас жемқорлық үшін мүмкіндіктерді төмендету, прокурорлық және сот бақылауын күшейту.
Бүгін қылмыстық қудалау органдары істерді сотқа дейінгі тергептексеруді электрондық форматта жүзеге асырады, қылмыстық қудалау органдарын техникалық жарақтандыру және қызметкерлерді оқыту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы.