Нысан Жәйрем кентінде қолданысқа берілді. Бұл – кенттегі мектепке дейінгі білім беретін екінші мекеме. Ерекшелігі сол – 125 орындық қосқабатты балабақшадағы топтар Ыбырай, Абай, Қаныш сынды ұлт зиялыларының есімімен аталады. Қазіргі уақытта 20 маман жұмыспен қамтылып отыр.
Ашылу салтанатына қатысқан Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы мекеменің іске қосылуына септігін тигізген жеке кәсіпкерге алғысын жеткізді.
«Балабақша ашу – жауапты да сауапты іс. Мекемеге сұраныстың артуы – халық санының көбейіп жатқанын көрсетеді. Былтыр қолға алынған істі жүзеге асырып, халық игілігі үшін бастама жасап отырған Еділхан Берденбек мырзаға алғыс айтамын» – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Аталған балабақшада 2-5 жас аралығындағы бүлдіршіндер тәрбиеленеді. Ғимарат балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін заманауи даму аймақтарымен, STEM кабинетімен, хореография залы және емдік тұзды бөлмемен жабдықталған.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін кентте бір мемлекеттік балабақша жұмыс істеп келген, жеке кәсіпкер есебінен бүгін ашылған мекемеде төрт топ іске қосылды, бесіншісін жасақтау жұмыстары жүзеге асырылуда.