Құрметті қазыналы өлке – Қаражал тұрғындары!

Сіздерді кенді аймақтың 60 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз!
Қала мәртебесі 1963 жылы берілгенімен, Қаражалдың ғасырдан артық тарихы бар екені белгілі. 1911 жылы әйгілі гидрогеолог А.А.Козырев темір кен жатынын кездейсоқ анықтаған өлке – бүгінде респуб­ликамыздың маңызды тау-кен орталығына айналып қана қоймай, Қарағанды қаласындағы металлургиялық зауыттар мен Қазақстанның мұнай кәсіпорындарына шикізат жеткізуші шаңыраққа айналып отыр.
Ұлытау облысы – қасиеті мен қазба байлығының деңгейі тең дәрежелі өңір болса, бұл тұрғыда Қаражалдың алар орны мен енді құрылған облыстың дамуына қосар үлесі ұшан-теңіз. Осы орайда өңірдің әлеуметтік-экономикалық әл ауқатының артуына орасан септігін тигізіп отырған «Өркен-Атасу» өкілдігі, «Батыс Қаражал» кен орны мен «Жәйрем кен байыту комбинатын» ерекше атап өтпей болмайды.
Қаражал қаласында биыл білім ошағын жөндеуден өткізу, ойын алаңдарын салу, қалаішілік жолдарды асфальттау, «Горняк» стадионын қайта жаңғырту т.б.жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар, Қылыш су қоймасын әкімдікке қайтару жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта да айшықты жұмыстар атқарыла береді.
Қадірменді жерлестер!
Қала мерейтойының қарсаңында дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, өндіріспен өркендеген еңбекқор азаматтардың жұмыстарына табыс, қажыр-қайрат тілейміз.
Игі бастамаларыңыз Ұлытау облысының, Қаражал қаласының өсіп-өркендеуіне, келешегіміздің кемел бола түсуіне жол ашсын.

Құрметпен,

Берік Әбідғалиұлы,

Ұлытау облысының әкімі.

Бауыржан Шыңғысов,

 Ұлытау облыстық
 мәслихатының төрағасы.