Бірінші кезекте Қаражал-Жәйрем өңірінің өскелең ұрпағына сөз арнағым келеді. Пошта тасушылардың ай сайын әр үйге балалар журналдары мен газеттерін үйіп-төгіп әкелетін кездер біздің де, сіздердің ата-әжелеріңіз бен ата-аналарыңыздың да есінде жақсы сақталған. Біз ол кездері үйімізге келген баспаларды оқып қана қоймай, барлық елдердегі өз қатарластарымызбен хат жазысып, сол баспаларда жарияланған түрлі байқауларға қатысып, газет, журнал беттеріне аты-жөніміз, жасымыз, сыныбымыз, мекенжайымыз шыққанын асыға күтетінбіз. Сол кездегі жасөспірімдер, қазіргі таңда самайларын қырау шалса да бала кездерінде жинақтаған газет қиындыларын әлі күнге дейін сақтап жүргендері сөзсіз.
Өкінішке орай, қазіргі таңда Instagram, TikTok және басқа да әлеуметтік желілер мен платформалар пайда болғаннан бері кітап, газет-журнал оқу сәннен қалып, маңыздылығын жойды. Қоғам лайктарға тәуелді болып барады, ал посттардың көпшілігінің мазмұны күмәнді. Интернет — бұл үлкен әлем, бірақ оның виртуалды екенін ұмытпаңыз.
Құрметті мектеп оқушылары, біз сіздерге шынайы өмір сүруді ұсыну мақсатында «Балалар әлемі» парақшасын ашып отырмыз. Ол парақшада сіздер әңгімелеріңізді, өлеңдеріңізді, суреттеріңізді жариялай аласыздар.
Елімізде 1 наурыз — Алғыс айту күні, 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні, 22 наурыз — Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы аталып өтетіні белгілі.
Сонымен қатар, биыл біздің сүйікті қаламыз Қаражалдың құрылғанына — 60 жыл. Жерлестерімізге Қаражалдың қалыптасуына, дамуына үлкен үлес қосқан өз ата-анаңыз жайлы, аға буын өкілдері мен ұстаздарыңыз жайында сыр ақтаруыңызды сұраймыз. Ұсынысымыз сіздердің жан-дүниелеріңізге әсер етіп, ішкі әлеміңізді ашуға септігін тигізеді деп сенеміз.
Келесі сөзімізді өңіріміздегі мектеп, колледж ұстаздары мен балабақша тәрбиешілеріне арнаймыз. Құрметті педагогтар, сіздер жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Сіздер білім берген шәкірттер түрлі байқауларға, пәндік олимпиадаларға қатысса, сіздер оқу-әдістемелік құралдар мен педагогикалық жобалар әзірлейсіздер. Сіздерге арнап «Қазыналы өңір» газетінің бетінен «Білім» атты айдар ашамыз. Ол жерде сіздер өздеріңіздің, шәкірттеріңіздің жетістіктері мен мектеп өмірінде болып жатқан қызықты жаңалықтарды жариялай аласыздар.
Сөз соңында, Қаражал қаласының мерейтойын атап өту аясында барлық оқырмандарымызды газетіміздің «Бір суреттің тарихы» атты айдарын толтыруға белсенділік танытуларыңызды сұраймын. Сіздің отбасылық мұрағатыңызда біздің шағын Отанымыздың тарихына қатысты қызықты суреттер аз емес шығар.
Сіздермен бірлесе отырып, аймағымыздың газетін қызықты материалдарға толтырып, оқырмандардың сұранысын арттырайық!
Барлық материалдарды арнайы белгімен («Балалар әлемі», «Білім», «Бір суреттің тарихы») k-onir@mail.ru электронды поштаға жіберуіңізге немесе Қаражал қаласы, Сары Тоқа көшесі, 1 мекенжайында орналасқан редакциямызға келіп ұсынуыңызға болады.
Сұрақтар туындаған жағдайда 2-61-02, 8-701-456-06-28 номерлеріне хабарласыңыздар.
Құрметпен, бас редактор Асель Жетписбаева.