Құрметке бөленген жан

Қарапайым ғана ауылдан шығып, халықтың шынайы құрметіне бөленіп, елі үшін адал еңбек етіп келе жатқан абзал жандардың бірі — Ғалия Марленқызы Искакова. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы ел денсаулығы жолында аянбай қызмет етіп, ана мен баланың амандығын басты мұраты санаған аяулы маманның өмір жолы — жастарға үлгі, ұлтқа мақтаныш.

Ғалия Искакова 1962 жылы бұрынғы Жезқазған облысына қарасты Ақадыр ауданының Қызылтау совхозында дүниеге келген. Әкесі Марлен Искаков совхозда мал дәрігері болып еңбек еткен, ал анасы Ұмытсын Тайжанова сауда саласында тер төккен. Осындай еңбекқор отбасында тәрбиеленген Ғалия кішкентайынан-ақ адам жанына араша түсуді, ақ халатты абзал жан болуды арман еткен.

Әкесі «Менің қызым дәрігер болады, ел оны Галина Марленовна деп атайды» деп үнемі айтып отыратын. Бұл сөздер бала жүрегіне терең ұялап, болашақ тағдыр жолын айқындағандай еді. 1980 жылы Қарағанды қаласындағы медициналық училищеге түсіп, акушер мамандығын игерген Ғалия үш жылдан соң қолына диплом алып, жас маман ретінде жолдамамен туған өлкесіне — Жезқазған облысына оралады.

Облыстық денсаулық сақтау бөлімі оны Ақадыр ауданының Мыңбаев совхозына жібереді. Осы жерде фельдшерлік-акушерлік пункттің меңгерушісі болып алғашқы еңбек жолын бастайды. Жас маманның жауапкершілігі мен іскерлігі ауыл тұрғындарының сеніміне ие болып, абырой биігіне көтеріледі.

Тұрмыс құруына байланысты Жаңаарқа ауданына қоныс аударған Ғалия Марленқызы аудандық ауруханада медбике болып еңбек жолын жалғастырады. 1989 жылы өз мамандығына сай акушер болып аудандық перзентханаға ауысып, 2004 жылға дейін тапжылмай осы салада қызмет етеді. Араға жылдар салса да, ел есінде есімі ұмыт болған емес.

– Көшеде кетіп бара жатсам, кейбір ата-аналар, тіпті, есейіп кеткен ұл-қыздар «мына кісі біздің кіндік шешеміз» деп амандасып, ізет көрсетіп жатады. Сондайда марқайып қаламын, — дейді өзі де.

2004 жылы отбасы жағдайына байланысты Жәйрем кентіне қоныс аударған Ғалия Искакова бүгінде осы елді мекендегі ауруханада учаскелік фельдшер болып қызмет етуде. Тәжірибелі маманның жанқиярлық еңбегі жәйремдіктердің де ыстық ықыласына бөленіп отыр. «Бұл кісі дәрігер болмаса да, дәрігердің де, медбикенің де жұмысын мінсіз атқарады. Шын мәнінде мықты маман» дейді оны білетіндер.

Ғалия Марленқызы — тек кәсіби білікті маман ғана емес, сонымен қатар, үлгілі отбасының ұйытқысы. Жолдасы Сәкен Шамкенов екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлдары әке жолын қуып, өндіріс саласында жемісті еңбек етуде.

Үлкен ұлы Дәурен Жаңаарқа ауданындағы «Алтын-Алмас» кенішінде тиегіш техниканың машинисі, төрт баланың әкесі. Келіншегі Самал — АТФ банктің қызметкері. Кіші ұлы Дидар Жәйрем комбинатында еңбек етсе, келіншегі Жансая — декреттік демалыста. Ал, ортаншы қызы Динара Жәйрем комбинатында техникалық қауіпсіздік бөлімінің инженері.

Отбасының тірегі, ардақты әке Сәкен Шамкенов те Жәйрем комбинатында ұзақ жылдан бері бульдозер машинисі болып еңбек етіп келеді.

Міне, осылайша Ғалия Искакова 42 жыл бойы медицина саласында тынымсыз еңбек етіп, мыңдаған сәбидің жарық дүниеге аман-есен келуіне себепкер болды. Оның еңбегі мен адамгершілігі бүгінде Жаңаарқа мен Жәйрем өңірінің халқы арасында зор құрметке ие.

Бүгінде ақ халатты абзал жанның өмірі мен еңбегі жас буынға үлгі. Өйткені, бұл — өз ісіне берілген, адал қызмет етудің, шынайы адамгершіліктің жарқын көрінісі.

Ізбасар ОЙБАС