Рамазан қоржыны таратылды

Қасиетті Рамазан айында садақа беріп, қайырымдылық жасау ең сауапты да, қайырлы істердің бірі болып саналады. Осыған орай «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ жұмыскерлерінен жасақталған «Өндіріс волонтерлары» тобы «Рамазан қоржыны» атты қайырымдылық шара ұйымдастырды.

Жеті санын киелі сан деп өзіміз жақсы көріп, ырымдап жүретін болғандықтан, Рамазан айының соңына дейін күніне жеті отбасыға көмек беруді жоспарлаған волонтерлармен қоса бұл қайырымдылыққа жәйремдік 1994 жылғы қатарластар да атсалысты. Күнделікті тұрмысқа аса қажетті деген азық-түліктер салынған қоржындар алғашқы күні жалғыз басты жеті қарияға таратылды.

Барлық қоржынды тиісті мекенжайға жеткізген волонтерлар келесі күні таратылатын жеті қоржынның мекенжайын анықтап жатты.

Қайырымдылық жасалатын барлық мекенжай жергілікті әкімдікте бекітілген тізім бойынша жасалады. Олардың ішінде жалғыз басты қарт-қариялар, жалғыз басты көп балалы аналар, ерекше балалар тәрбиелеп отырған отбасылар бар. Бір реттік қайырымдылығымызбен бар қажеттіліктерді қамтамасыз етіп тастамасақ та, бір сәттік риза түрлерін көріп, алғыстарын алу да біз үшін жеткілікті.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: «Рамазанның берекесі – мейірімділік көрсету мен ізгі амалдар жасаумен арта түспек. Жетім мен жесірге, жоқ-жітікке қарайласу мұсылманның мерейін үстем қылады. Жетім мен жесірдің ас-суы мен киім-кешегі үшін көмек қолын созған кісі  Алла жолында жиһад жасағанмен, әр түнін намаз оқып, күндізін ораза ұстаумен өткізген адам сияқты» деп айтылғандай, қасиетті айда қайырымдылық жасап, сауапқа кенелейік, ағайын.

Жалғыз Рамазан айында ғана емес, басқа уақытта да айналадағы әлеуметтік көмекке зәру жандарға көмек қолын созуды өздеріне міндет қылып алған волонтерлар қатарына қосыламын деген жан болса, күтеміз. Біздің қатарымызға қосылсаңыз мейіріміділік әлеміне тап болып, қайырымдылық жасаудың қаншалықты сауапты іс екенін түсінесіз.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ

Бастауыш Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.