Өздеріңізге мәлім, дарынды, бастамашыл, жаңаша ойлайтын жастарды мемлекеттік басқару ісіне тартуға бағытталған Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған болатын.
Бұған дейін іріктеудің үш кезеңі өткізілді. Атап айтқанда, 2019, 2021 және 2023 жылдардағы іріктеулерге 60 мыңнан астам азамат қызығушылық танытты, олардың нәтижелері бойынша резервке 400 адам қабылданды (2019 жылы – 300 адам, 2021 жылы – 50 адам, 2023 жылы – 50 адам). Резервке алынған 400 адамның 318-і мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда жұмыс істеуде, яғни, жалпы санының 80%-ы жұмысқа орналастырылды.
Биыл Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің төртінші кезеңі басталады. Төртінші іріктеудің ерекшелігі – әр бағыт бойынша кандидаттардың біркелкі санын қамтамасыз ету мақсатында әрбір кезеңде пропорционалды іріктеу өткізу. Яғни, резервтің әр салалық бағыты бойынша квоталар қарастырылып, іріктеу сол салалық бағыт бойынша ғана жүргізілетін болады.
Кандидаттарға қойылатын жалпы талаптар – бұрынғы іріктеулермен бірдей: жасы 35-тен аспауы, жоғары білімінің болуы, еңбек өтілі бес жылдан кем болмауы және қазақ тілін B1 деңгейінен төмен емес меңгеруі. Іріктеуге қатысуға Президент тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері мен бұрын резервке алынғандар жіберілмейді.
Іріктеу 6 кезеңнен тұрады (Президенттің 2019 жылғы 27 тамыздағы №141 Жарлығымен бекітілген Ереже) және маусым–қазан айларында өтеді:
І кезең – Құжаттарды қабылдау (1–30 маусым аралығында). Кандидаттар онлайн режимде арнайы ақпараттық жүйеде тіркеліп, құжаттарын тапсырады.
ІІ кезең – Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау (2–3 және 9–10 тамыз). Бұл екі бөлек тесттен тұрады. Сандық тестілеуге ең жоғары балл жинаған кандидаттардың тек 50%-ы ғана қатысады. Ең үздік 600 үміткер (әр сала бойынша 100-ден аспайтын) келесі кезеңге өтеді.
ІІІ кезең – Ситуациялық тапсырмаларды шешу (16–17 тамыз). Кандидаттар өз саласына байланысты проблемаларды шешу жолдарын эссе арқылы ұсынады. Нәтижесінде 300 кандидат құзыреттерді бағалау кезеңіне жолдама алады.
IV кезең – Құзыреттерді бағалау (22–28 тамыз аралығында ассессмент-орталық, 23–28 қыркүйек аралығында сұхбат). Бұл кезеңде көшбасшылық, талдау, басқару, сендіру, проактивтілік сияқты дағдылар сарапталады. Бұл кезеңнен 150 қатысушы өтеді.
V кезең – Сарапшылық комиссиямен сұхбат (8–15 қазан). Комиссия үздік деп тапқан 100 кандидаттың тізімін Ұлттық комиссияға ұсынады.
VІ кезең – Ұлттық комиссия шешімімен үздік 50 кандидат резервке алынады (қазан айының соңына дейін).
Резервке алынған жастар 3 жыл ішінде конкурстан тыс мемлекеттік қызметке тағайындала алады.
Өтінім беру тәртібі:
1–30 маусым аралығында pkrezerv.gov.kz сайтында ЖСН мен электрондық поштаны енгізу арқылы тіркелу қажет. Сайтта жеке кабинет ашылады, сол жерде анкета толтырылып, келесі құжаттар жүктеледі:
-
Жоғары білім дипломының көшірмесі;
-
Еңбек өтілін растайтын құжат (ҚР Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес);
-
QAZAQ RESMI TEST немесе KAZTEST B1 деңгейінен төмен емес сертификаты.
Сұрақтар туындаған жағдайда:
-
Сайттағы Jivo чат,
-
+7 700 096 70 74 байланыс нөмірі,
-
немесе info@pkrezrv.gov.kz поштасы арқылы көмек алуға болады.
Ұлытау облысының ел мүддесіне адал қызмет етемін деген жастарын Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге қатысуға шақырамын. Мемлекеттік аппаратқа білімді, еңбекқор, Отанға қызмет етуді өзіне парыз санайтын жастар қажет.
Жастарымыздың бойындағы күш-жігері мен білімді ел мүддесіне қызмет етуге бағыттау, кәсіби мемлекеттік қызметкерлердің жаңа легін қалыптастыру – Агенттіктің стратегиялық міндеттерінің бірі болып табылады.
Роман КИМ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Ұлытау облысы бойынша департаменті басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.