Кеншілер мен металлургтер алғаш рет жүздесті  

Қара металлургия туралы сөз болғанда ел есіне бірден Теміртаудағы алып комбинат түсетіні жасырын емес. Ал, сол тонналап өндіріліп жатқан болаттың бастауы Қаражал қаласындағы «Өркен-Атасу» кен орны. Яғни, қазыналы өңір кеншілерінің де отандық металлургияны өрістетудегі еңбегі ерен. Осыны ескерген теміртаулық металлургтер «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында   «Бірлік жолы: Бабалар ізімен Теміртаудан Ұлытауға» атты тарихи-танымдық экспедицияны жүзеге асырып, кен орнына арнайы ат басын бұрды.

Тарихи-танымдық сапарды ұйымдастыруға Qarmet этномәдени бірлестігі мен Qarmet жанындағы «Аманат» партиясы филиалы мұрындық болды. Ардагер металлургтер, жас мамандар мен өнерпаздардан тұратын экспедиция мүшелерін «Qarmet» АҚ басқарма төрағасы Вадим Басин ізгі тілекпен сапарға шығарып салып, қарапайым жұмысшылар бастамасын қолдауға қашан да дайын екенін жеткізді.

— Биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Біз қарапайым еңбек адамы үшін барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Ол еңбек қауіпсіздігі, лайықты жалақы мен қолайлы жұмыс орны ғана емес, сонымен қатар білімін шыңдау, танымын кеңейту. Бұл сапар барысында сіздер Ұлық Ұлыстың бастауында тұрған Жошы ханның, Алаша ханның мазарына барасыздар. Тарихпен танысып, ерекше әсер аласыздар деген сенімдемін. Одан бөлек, Қаражал қаласындағы кеншілермен жүздесіп, жезқазғандық әріптестермен кездесесіздер. Сіздерге оң сапар тілеймін, қашан да қолдауға әзірмін, — деді Вадим Басин өз сөзінде.

Экспедицияның алғашқы күні «Өркен-Атасу» ЖШС жұмысшыларымен кездесуден басталды.  Кен орнында өткен жиын барысында Қаражалда өндірілетін  темір рудасы өзгелерге қарағанда анағұрлым таза және зиянды қоспалары аз екені айтылды. Сонымен қатар, ұзақ жылдан бері адал еңбегімен көзге түскен бірқатар мамандарға компания төрағасы атынан Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

— Өздеріңіз білесіздер, отандық инвестордың келуімен кәсіпорынның жаңа тынысы ашылды. Біз үшін тек жұмыс процесі ғана емес, сонымен қатар қарапайым жұмысшылардың бастамасы да өте маңызды. Аға буынның ұсынысымен, жас металлургтердің бастамасымен қолға алынған экспедиция да басшылық тарапынан қолдауға ие болды. Біз осы сапар аясында «Өркен-Атасу» кен орнына арнайы соғуды жөн санадық. Құр қол келген жоқпыз, еңбегімен көзге түскен бірқатар қызметкерлерге компанияның бас директоры атынан Алғыс хат табыстай келдік, — дейді «Qarmet» АҚ Еңбек қатынастары жөніндегі директоры Ерболат Дюсупов.

Арнайы Алғыс хаттар кеніш қызметкерлерімен қатар, ұзақ жыл осы салада еңбек етіп, бүгінде зейнет демалысына шыққан ақсақалдарға да табысталды. Олар өз кезегінде тағылымды сапарды ұйымдастырушыларға және қолдау білдірген «Qarmet» АҚ басшылығына алғыс білдіріп, бұрын-соңды екі өндіріс арасында мұндай мәдени-рухани бағыттағы байланыс болмағанын атап өтті.

— Үлкен жолға шыққан екенсіздер, сапарларыңыз оң болсын. Біздің балқытып жатқан болатымызды шығарып жатқан кімдер деп, Қаражалды ұмытпай, біздің кенішке арнайы ат басын бұрғандарыңызға ризашылық білдіреміз. Осы өндірісте қанша жыл қызмет еттім. Бірақ, металлургиялық зауыт пен кен орны қызметкерлерінің бір алаңда бас қосып, рухани жиын өткізгеніне алғаш куә болып отырмын. Қаражал кішкентай қала болғанымен, халқының жүрегі үлкен. Іргесі қаланған күннен-ақ Теміртауды темір рудасымен қамтып келеді. Қазір, міне, жаңа инвестор келіп, жақсы бастамалар қолға алынып жатыр екен. Өндіріс пен қаланың келешегі жарқын болады деп сенеміз. Жер астындағы иен байлық біздің ұрпағымыздың ұрпағына жетеді, — дейді ардагер кенші Жарқынбай Жетімек.

Келесі кезекте сөз алған теміртаулық Шыңғысхан, Өміржан ақсақалдар кеншілерге металлургиялық комбинаттың тарихы мен бүгінгі өндірістік әлеуеті туралы баяндап берді.

Қазыналы өңірде бір түн аялдаған экспедиция мүшелері келесі күні Жезқазған қаласындағы  «Kazakhmys Smelting» ЖШС қарасты Жезқазған мыс балқыту зауытына ат басын тіреді.Бұл да тарихи мәні зор кездесу болғанын айта кеткен жөн. Өйткені, бұған дейін қара және түсті металл өндірушілердің рухани алаңда кездесуі болмаған екен.  Қос тараптың өкілдері өндіріс процесіндегі ұқсастықтар мен айырмашылықтар туралы пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті.

Сапар аясында теміртаулықтар Жошы хан кешені мен Алаша хан кешенінде және Жезқазған қаласындағы тарихи-өлкетану музейінде болып, киелі өңірдің өткенімен танысып, ел ағаларының батасын алып қайтты.

— Бұл сапарға шығудағы басты мақсатымыз – еңбек адамын ұлықтау. Одан кейінгі міндет, тарихи орындарды, отандық өндіріске еңбегі сіңген тұлғалардың өмірін жастарға таныстыру, олардың отаншылдық рухта тәрбиелеу. Біздің сапарымызға зейнет жасындағы аға буын өкілдері және өндірісте жүрген металлург жастар, сонымен қатар студенттер шықты. Үш буын жол бойы өзара пікірлесіп, ішкі байланыстарын нығайтты. Әрі осы киелі Ұлытау өңірінің қасиетті орындарын көзімен көріп, тарихи танымдарын да ұлғайта түсті деп нық сеніммен айта аламыз, — дейді Qarmet жанындағы Amanat партиясы филиалының төрағасы Нұргелді Омарханов.

Қорыта айтқанда экспедиция өзінің түпкі миссиясы – жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, еңбек адамын ұлықтау және жастарға тарихи орындарды таныстыру жоспарын ойдағыдай орындап шықты.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ