ПАЙДАСЫ МОЛ ДАРА СПОРТ

Қазыналы қаламыздың 60 жылдық мерейтойына арнап, өңірде бірнеше іс-шара өткізіліп келеді. Соның бірі де бірегейі Қазақстан халқының бірлігі күнінде қала әкімі Тілектес Досаевтың қатысуымен алғаш рет үлкен теннистен облыстық турнирдің ашылу салтанаты өтті. 

Бұл ойынның тарихы ежелден, яғни ХІІ-ХІІІ ғасырдан бастау алған. Оның ең алғашқы үлгісін грек пен римдіктер ойлап тапқан. 1900 жылдан бастап ұлттық құрамалар арасындағы тұңғыш жарыс – Дэвис кубогы ұйымдастырылған деседі. Ал Қазақстан Республикасында қасиетті Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін бұл спорт түрін сауатты меңгерген спортшылар саны арта бастаған екен. Әсіресе Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина – Әлемнің алтыншы ракеткасы. Сондай-ақ, ең мықты тағы бір теннисші қызымыз Зарина Диас. Әлемнің 100 мықты теннисшілер қатарына кіреді. 2020 жылғы Олимпиада ойындарында республикамыздың атынан өнер көрсетті.

2020 жылы қаламызда теннис корты ашылғаннан бері бұл спортқа қызығушылықтары оянып, үлкен теннис ойыншылары жылдан жылға саны артуда. Тіпті, осы 3 жылда үлкен теннистен бірнеше мәрте қалалық турнирлер ұйымдастырылды.

Ал осы облыстық турнирге 22 ойыншы қатысуға ниет білдірген. Оның ішінде Сәтбаев қаласынан, Жаңаарқа ауданынан да спортшылар бар. Қала әкімі Т.Досаев облыстық турнирдің шымылдығын ашып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, қаламыздың спорт ардагері, қала белсендісі Владимир Полищук сөз сөйлеп, барлық спортшыларға ақжарма тілегін жеткізді. Жүлделі орындарға кубок пен ақшалай сыйлықтар табысталады. Жалпы бұл облыстық турнирдің жүлде қоры 1 млн.теңге. Облыстық турнирдің бас демеушісі Кемал Мұқанов басқарып отырған «Арқа-құрылыс-2009» ЖШС болып табылады.

Біздің өңіріміз облыс, республика көлемінде спорттан, әсіресе дзюдо, бокс, футбол, самбодан осал емес екендігі айқын. Ендігі кезекте үлкен теннистен де аймақтың атын шығарып, есімдері әлемді шарлайтын теннисшілер шыға берсе деген тілегіміз бар.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ