Бүгінгі қоғамда әрбір отбасының алдында түрлі сынақтар кездеседі. Кейбір отбасылар материалдық қиындықтарға тап болса, енді біреулері жұмыссыздық, денсаулық жағдайы, бала тәрбиесі, отбасылық жанжалдар немесе тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерімен бетпе-бет келеді. Өкінішке қарай, көптеген азаматтар өз мәселесімен жалғыз қалып, көмек сұрауға ұялады немесе қайда жүгінетінін білмейді.
Кейде көршіміздің, туысымыздың немесе танысымыздың қандай қиын жағдайда жүргенін байқамаймыз. Кейде бәрі жақсы көрінгенімен, сол отбасы іштен тозып, көмекке мұқтаж болуы мүмкін. Сондықтан, қоғам болып бейжай қалмай, қиын жағдайдағы адамдарға қолдау көрсету – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.
Осы мақсатта Қаражал қаласында «Отбасы институтын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі өз жұмысын бастады. Орталықтың басты мақсаты – тұрғындарға әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қолдау көрсету, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар мен отбасыларға көмек ұйымдастыру, отбасылық құндылықтарды нығайту және қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің алдын алу.
Орталық мамандары келесі бағыттар бойынша жұмыс жүргізеді:
- өмірлік қиын жағдайдағы азаматтар мен отбасыларды ерте анықтау;
- әлеуметтік, құқықтық және психологиялық кеңес беру;
- тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу;
- отбасылық құндылықтарды насихаттау;
- жастарды отбасылық өмірге даярлау;
- мемлекеттік қолдау шаралары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
- жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім беру және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасау;
- азаматтардың өтініштерін қарау және мәселелерін шешуге жәрдемдесу.
Біздің мақсатымыз – тек өтініш қабылдау ғана емес, адамдардың мәселесін тыңдап, нақты көмек көрсету жолдарын бірге табу. Егер сіз өзіңіз немесе танысыңыз қиын жағдайға тап болса, көмек сұраудан тартынбаңыз. Қоғамнан оқшауланбай, мәселені жалғыз шешуге тырыспаңыз. Кейде бір кеңес, бір бағыт немесе бір қолдау адамның өмірін жақсы жаққа өзгертуі мүмкін.
Құрметті Қаражал қаласының тұрғындары!
Егер өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды білсеңіздер, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері, әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтар немесе көмек қажет ететін отбасылар туралы ақпараттарыңыз болса, бейжай қарамауларыңызды сұраймыз. Уақытылы көрсетілген көмек көптеген мәселелердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Біз әрқашан сіздердің жандарыңыздан табылуға дайынбыз. Әрбір өтініш назардан тыс қалмайды.
Біздің мекенжайымыз: Қаражал қаласы, Сайдалы Сары Тоқа көшесі, 1. Байланыс телефондары: 8-771-773-93-20, 8-771-291-19-12.
Біз сіздерді тыңдауға, қолдауға және көмектесуге әрқашан дайынбыз.
Нұргүл РЫМХАЖИНА,
«Отбасы институтын қолдау орталығы» КММ директоры.

