Отанды қорғау – қасиетті борыш

Ел қауіпсіздігінің бірден-бір кепілі – қуатты әскер. «Ел – ерлерімен еңселі» демекші, туған жеріне деген сүйіспеншілік пен адалдықты түсінген азаматтардан құралған әскер ғана мықты болады. Тіпті, сарбаз атанып, ел шекарасын қорғаушылар туралы «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді. Біріншісі, күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз. Екіншісі, Отанды қорғап, шекара күзеткен көз» деген хадис бар екенін де білеміз. Осыны түсінген ата-бабамыз қасық қаны тамғанша күресіп, бізге осынау ұланғайыр жерді мұра етіп қалдырды.

7 мамыр – Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күні. Бұл тәуелсіз еліміздің өзіндік қорғаныс қабілеті бар екендігін білдіретін мереке. Егеменді еліміздің отын сөндірмей, қорғаныс жүйемізді бекем ұстап келе жатқан қаншама Қазақстан азаматтарының еңбегін мемлекет тарапынан ескеріп, бағалап та жатыр. Айтулы мереке күні қаламыздың мәдени-сауық орталығының төрінде Қарулы күштер қатарында қызмет еткендер мен сапта жүргендерге құрмет көрсетіледі. Себебі, мемлекеттің, қоғамның және әрбір қазақстандықтың қауіпсіздігін қорғаушылар мен өз еліне шексіз берілгендер зор құрметке лайық.
Қала әкімі Айқын Елеусізов жиналған дүйім жұртты айтулы мерекемен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізіп, салтанаттың ажарын аша түсті. Одан кейін қоғам дамуына еңбегі сіңген қызметкерлерді марапаттауға кірісті.
Осы мерекені пайдалана отырып, болашақ сарбаздардың асыл анасы, көпбалалы ана Жаннұр Асқарбековаға Қазақстан Республикасының 2024 жылғы 25 наурыздағы №497 Жарлығы бойынша «Күміс алқа» алқасын табыстады.
Келесі кезекте қаланың әлеуметтік дамуына қосқан үлесі үшін және қоғамдық сипаттағы белсенді әрі нәтижелі әрекеттері үшін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ұлытау облысы бойынша Департаменті Қаражал қалалық бөлімінің қызметкері Аблай Халтонов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ұлытау облысы бойынша Департаменті Қаражал қалалық бөлімінің қызметкері Наурызбек Абдулаев, Қазақстан Республикасының Қорғаныс Министрлігінің «Ұлытау облысы Қаражал қаласының Қорғаныс істері бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесінің бөлімше сержанты-бөлімше бастығы Батырхан Төлеубай, «Қаражал қаласы Төтенше жағдайлар бөлімінің» іс-жүргізушісі Ержан Бақтияров, «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесі Қаражал қаласының №3 Өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Шыңғыс Әкіжанов марапатталды. Шыңғыс Нұржанұлы Қаражал қаласы атынан Петропавл қаласына аттанып, су тасқынның алдын алу жұмыстарына қатысып, табиғи апаттан жергілікті халықты құтқаруға үлес қосты.
Қала басшысы Айқын Елеусізов өз өмірін Отан қорғауға арнаған кәсіби мамандар аз емес екенін ерекше атап өтіп, бүгінгі марапат пен алғысты барша әскери қызметшілерге көрсетілген шынайы құрмет деп бағалады. Сондай-ақ, барлық әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне Отан алдындағы адал қызметі үшін алғыс айтты.
Бұл мереке әр кезде де батылдық пен ерліктің, қаһармандық пен елдіктің нышаны, Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың өлшемі. Болашақ ұрпақтар үшін, егемен еліміздің тәуелсіздігін қорғаушылар әрдайым жарқын үлгі болып қала берері сөзсіз.
Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін. Егеменді еліміздің отын сөндірмей, қорғаныс жүйемізді бекем ұстап келе жатқан барлық Қазақстан азаматтарын төл мерекелерімен құттықтаймыз.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ