ҚОЛЫ — ҰСТА, СӨЗІ – ҚЫСҚА

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қоғамда кәсіпкерлікті насихаттау мәселесіне ерекше назар аударды. Ол айтып өткендей, кәсіпкерлік негіздерін оқытуды студенттік шақтан, тіпті, мектеп қабырғасынан бастап қалыптастыру керек. «Бизнес жүргізуге қатысты тиісті білім беру бағдарламалары қажет. Жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына тосқауыл болатын жағдайлардың жолын түбегейлі кесіп, бизнеспен айналысу тартымды, беделді әрі қолжетімді болуы үшін ең жақсы ахуал туғызуымыз керек»деген болатын.

Қаражал қаласында жыл сайын «Жастар кәсіпкерлігін дамытуға және қолдауға Қаражал қаласы әкімінің грантын табыстау» жобасы жүзеге асырылып келеді. Осы жобаны ұйымдастыру мақсатында 6 млн.теңге көлемінде қаржыландыру «Қаражал қаласының жастар ресурстық орталығы» КММ арқылы өтіп отыр. Аймағымыз бойынша өз кәсібін дөңгелетуге және бастау алған кәсіпкерлік жұмысын жалғастыру мақсатында 14 бизнес-жоспар тапсырылыпты. 2022 жылы 20 қазан күні комиссия отырысы өз шешімдерін қабылдап, 3 кәсіпкерді таңдап алды. Соның бірі де бірегейі 1 млн.теңгеге қол жеткізген Алданыш Смайылова қаражат көзін тігін шеберханасын ашу мақсатында алған екен.

Бүгінгі кейіпкерім 2001 жылы сол кездегі Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Ақтүбек ауылында дүниеге келіп, мектепті де сол жақта тәмамдаған екен. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қазақтың жақсы сөзі осы тігіншіге арналған екен. Үйіндегі ісмер апасының қасында жүріп, біраз нәрсеге бейімделген Алданыш, тігін өзінің нағыз ісі екенін сезген. Мектеп бітірісімен, бағын сынамақ болып, сән колледжіне оқуға түсіпті. Сол жерден толықтай тігіншілікті игеріп, модельер-конструктор мамандығын алып шығыпты. Кейін Қаражал қаласына әпкесінің қасына келіп, ептеп тапсырыс қабылдайды. Ал қала әкімінің гранты жайлы ұзынқұлақтан естіп, тағы бір мәрте бағын сынамақ болған екен. Алла қолдап, әкім грантын ұтып алғанын Алданыш қуана жеткізді. Бірден сол қаражатқа тегіс тігетін іс машинасын, кнопка басатын аппарат, жақсы сапалы үтік және оверлог, сондай-ақ тігінге қажет ұсақ-түйекке дейін сатып алған.

Қазір Аллаға шүкір, инста парақшам мен таныстар арқылы тапсырыс

көп. Әсіресе қыздарға белдемше, көйлек сияқты киім-кешектер тігемін. Сондай-ақ,  ер және әйел, балаларға этностильде шапандарға тапсырыстар түсіп жатады. Әсіресе балалар киімдеріне көбірек тапсырыс аламын,- деп кейіпкерім қысқа қайырды.

Сөзге шебер болмаса да, ісіне тиянақты екенін жұмыстарынан байқадым. Қазақтың қыз-келіншектері қашаннан он саусағынан өнер тамған ісмер жандарға кенде емес. Тігін дегеніміз – тұнып тұрған математика. Себебі, дәлдік, есеп, теңдік керек. Тігіншілік өнер бойға шабыт беріп, көңілге шаттық ұялатады. Адамды іскерлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды. Зеректік пен ептілікке тәрбиелейді. Алданыштың ісінен, сөзінен нағыз тігіншілікке тән қасиеттер байқадым десем де болады.

Тігіншілік, қолөнер шеберлігімен айналысу бүгінгі заманның ең табысты бизнесінің бірі. Жас тігінші Алданыш Алмасқызы өзінің сүйікті ісімен айналысып, тігіншілік өнерді кәсіп етіп келеді. Этно стильдегі шапандар, балалар киімдері, қазақтың қыз-келіншектеріне арналған қолжетімді көйлектер тігеді. Қазіргі таңда салт-дәстүріміз бен өнерімізді дәріптеп, ұлттық нақыштағы киімдерімізді мақтан етіп, «жүзігі алтын болғанша, жүзі жарқын болсын» деп ой түйетін қазақ қыздарының көбейгені қуантады. Болашақта өзіне тән бренд қалыптастырып, еліміздің атын шығаратын атақты дизайнер болуына тілектеспіз. Келесіде Қазақстанның алпауыт тігін фабрикасының директоры ретінде сұхбат беруіне жазсын.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ