22 тамыз күні Қаражал қаласында облыстық әйелдер спартакиадасының ашылу салтанаты өтті. Ұлытау облысының әр өңірінен келген командалар — Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары және Жаңаарқа ауданының спортшылары жарысқа жоғары дайындықпен келіп, спортқа деген құлшыныстарын паш етті.
Спартакиаданың ашылу рәсімі Қаражал қаласы әкімінің міндетін атқарушы Аманқазы Наукеновтың құттықтау сөзімен басталды:
– Бұл спорттық дода – тек дене шынықтыруды дәріптеу емес, сонымен бірге, әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Қатысушы арулардың қайсарлығы мен табандылығы жастарға үлгі болары сөзсіз. Баршаңызға сәттілік пен жарқын жеңістер тілеймін, – деді ол.
Іс-шараға арнайы келген құрметті қонақтар қатарында облыстық дене шынықтыру және спортты дамыту орталығының маманы Эльмира Мәжитқызы, Жаңаарқа ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Алибек Жағыппарұлы, сондай-ақ Жезқазған қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Рүстем Жұмабекұлы болды.
Спартакиада аясында волейбол, дойбы, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, стритбол және көпсайыс сияқты спорт түрлері бойынша жарыстар өтуде.
Сәтбаев қаласынан келген, Қазақстанның топ-100 студенттері қатарына енген қатысушы Еркеназ Алтау:
– Дайындық бізде жоғары деңгейде өтті. Бұл спартакиада біз үшін үлкен тәжірибе алаңы ғана емес, өзара қолдау мен командалық рухтың көрінісі деп білеміз. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деп жарыс алдындағы ойымен бөлісті.
Бұл Спартакиада — спорт арқылы әйелдердің қоғамдағы орнын айқындап, өңірлер арасындағы ынтымақтастықты арттыруға бағытталған маңызды шара. Мұндай бастамалар өңірдің салауатты өмір салтын дамытудағы жүйелі жұмыстарының нақты нәтижесі екені сөзсіз.