Облыс түлектеріне қолдау көрсетеді

Облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті Ұлытау облысының түлектері үшін 28 білім беру гранты мен 6 атаулы степендия бөлмек. Бұл әңгіме Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының ЕҰУ ғалымдарымен болған кездесуде айтылған.

Орайы келгенде айта кетейік, аптаның басында өңірімізге Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің профессорлары келген еді. Өңір басшысының іргелі білім шаңырағындағы ғалымдармен болған кездесуінде оқу ордасымен арада меморандумға қол қойылды.

Профессорлармен болған кездесуде сондай-ақ, «Ұлытау» керуені бизнес-жобасы да ұсынылды. Жобаның негізгі мақсаты жаңадан құрылған облыстың орталығын заманауи түрде абаттандыру, архитектуралық келбетін жаңғырту. Осы мақсатта делегация құрамында келген Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков облыс орталығындағы көшелердің бірін ұлттық стилде қайта құруды және рәсімдеуді ұсынды.

Жиын соңында ЕҰУ ғалымдары келесі жылы Жезқазған қаласында математикадан үлкен республикалық олимпиада ұйымдастыруға уағдаласты.

 Досан ДУЛЫҒАЛЫ.